Шағын мұнай өңдеу зауыттары жанар-жағармаймен толық қамтамасыз ете алмайды - Әсет Мағауов

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелеріне арналған брифингте ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов Қазақстандағы шағын мұнай өңдеу зауыттары тап болған кедергілер жайында әңгімеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Шағын мұнай өңдеу зауыттарына келтірілген кедергі жайында біздің атымызға Парламент депутаттарынан сауал келді. Заңнамада мұнай өңдеу зауыттарынан шығатын өнімдерді сатуға болмайды деген шектеу бар. Бұл шектеу былтыр заңға өзгеріс енгізгенде кіші зауыттардан шығатын мұнай өнімдерін үлкен зауыттарға беріп, олардан бензин, дизельді отын шығаруға бағытталған еді. Алайда, заңның басқа тармақтарында қайшылықтар кездесті және оларды жою үшін министрлікте жаңадан бұйрық жобасы дайындалды. Бұл жоба бойынша қазір келісім жүргізіліп жатыр. Осы айда жаңа бұйрық шығарып, шектеу қойылған мұнай өнімдерінің тізімін азайтамыз. Сонда шағын мұнай өңдеу зауыттарының жұмыс істеуіне толық мүмкіндік беріледі деген сенімдеміз. Дегенмен, осыдан кейін шағын мұнай өңдеу зауыттары ішкі нарықты толық қамтамасыз етеді деп айта алмаймыз. Қазақстанда 34 шағын мұнай өңдеу зауыты бар. Олардың он шақтысы бензин мен дизельді отын өндіре алатындарын мәлім еткен. Іс жүзінде, 2016 жылы Қазақстанның шағын мұнай өңдеу зауыттарында 500 тонна мұнай өңделген, бірақ, ондағы жанармай 3 пайызды ғана құраған, оның өзі тікелей айдалған, төмен октанды болып шықты. Өндірілген 20 пайыз дизельді отын да К2 стандартына сәйкес келмейді. Оның сапасы біздің көліктер үшін еш жарамсыз. Шағын мұнай өңдеу зауыттарының көпшілігі жартылай фабрикат өндіруге арналған, сол шикі фабрикат күйінде экспортқа өнім шығарып, пайда түсіруге арналған кәсіпорындар. Олардың айтуына қарасам, 6,5 миллион мұнай өңдейтін мүмкіндігіміз бар дейді. Бірақ, олардан жанармай, дизельді отын шығады, ішкі нарықты қамтамасыз етеді деп үміттенбеген жөн. Рас, БҚО-дағы «Конденсат» зауыты секілді жақсы зауыттар бар. Олар былтыр жаңғырту жұмыстарын бітіріп, бензин өндіруге бейімделіп келе жатыр. Ондай зауыттарға, әрине, көмектесу қажет»,-деді вице-министр.

Сондай-ақ ол алдағы уақытта шағын мұнай өңдеу зауыттарының экономикалық реттеу жүйесін ауыстыру қажеттігін айтты.

«Қазіргі механизмнің өзі дұрыс құрылмаған, егер сен мұнай өнімдерін өндірсең, саған жоғары акциз ілінеді. Мәселен, ресейлік бензин тоннасы үшін акциз ретінде 4500 теңге төлесек, отандық жанармайға 10 500 теңге төлейміз. Дизельді отын бойынша да теңгерім жоқ, ресейлік дизельді отынға 540 теңге төленсе, отандық өнімге 9300 теңге ставка көрсетілген. Яғни біздің отандық зауыттар ресейлік зауыттармен бір деңгейде тұрған жоқ. Біздің ойымызша, салықтық реттеу, экспорттық кедендік БАЖ механизмін қошқыл түсті мұнай өндіру тиімсіз болардай етіп құру қажет, үлкен және кіші зауыттарды ашық түсті мұнай өнімдерін өндіруге ынталандыра түсу керек және оған қолайлы экономикалық жағдай туғызу қажет»,-деді министрдің орынбасары.

Соңғы жаңалықтар