Серік Сәпиев «Головкин-Канело» реваншына болжам жасады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің айтуынша, Геннадий Головикннің соңғы екі жекпе-жегі оңай болған жоқ. Себебі Джейкобс та, Альварес те осал қарсыластар емес. Ал реваншты ұйымдастыруға екі мәселе кедергі болып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Меніңше, 5 мамырда болмаса да, реванш бәрібір ұйымдастырылады. Себебі алғашқы жекпе-жекте олар тең түсті. Екеуі де өз басымдығын дәлелдегісі келеді. Қазір олар реванш бойынша бір шешімге келе алмай жатыр. Жекпе-жекті өткізу орны бар, гонорар бар, осы екі мәселе кедергі болып жатқан сияқты. Дегенмен, промоутерлер бір келісімге келеді деп ойлаймын», - деді С.Сәпиев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

С.Сәпиевтің айтуынша, Геннадий Головкин соңғы екі жекпе-жекті нокаутсыз өткізсе де, әлі өз бабында. Альвареске қарсы бірінші жекпе-жекте GGG өз қарсыласын жан-жақты зерттеп шықты. «Геннадий Головкин мексикалық боксшымен тек спарринг кезінде кездескен. Содан бері біраз уақыт өтті. Соңғы жекпе-жекте Гена оның кім екенін және қалай өзгергенін көрді. Енді, бәрін ой елегінен өткізеді. Меніңше, оған көбірек бокстасу қажет. Өйткені алғашқы раундтарда ол мексикалық боксшыны бірден нокаутқа түсіруге тырысты. Соның сәтін іздеді. «Канело» болса, көбірек соққы жасауға күш салды. Меніңше, келесі жекпе-жекте Гена әбден дайын болады. Бәлкім, Альваресті нокаутқа да түсіреді», - деп атап көрсетті С.Сәпиев.

Соңғы жаңалықтар