Серік Сәпиев Атлетика қалашығының әкімі болып тағайындалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Универсиададағы Атлетика қалашығының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Универсиада баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

«Қазақстандық боксшы, әлемнің екі дүркін чемпионы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Дүниежүзілік қысқы универсиада қонақтары мен еріктілері орналасатын Атлетика қалашығының әкімі болып тағайындалды», деп хабарлады дирекциядан. 
Әкімнің міндетіне делагацияны қарсы алу, салтанатты шаралардың ашылуына, жалауларды көтеру рәсімдеріне қатысу кіреді. Сонымен қатар, ресми шаралармен қоса, қонақтардың жайлы орналасуларын да қамтамасыз етуі қажет. 

«Атлетика қалашығының әкімі болу және мынадай ауқымды спорт шарасына араласу - мен үшін үлкен мәртебе, жауапты міндет. Жақында Алматыға Универсиадаға қатысу үшін қонақтар келе бастайды. Әлемнің әр түкпірінен келетін  халықтардың бейбіт, келісімде болғанын қалаймыз», - деді Серік Сәпиев.

Айта кетейік, Атлетика қалашығына 3 000 адам келеді деп жоспарланып отыр. Онда спортшылардан бөлек, Ресей, Украина, Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ және өзге де елдердің 100-ге жуық еріктілері де болады. 

Бас жоспар бойына спорт қалашығында 5 000 адам орналаса алады. Ал салтанатты ашылуы - 24 қаңтарда.  

Соңғы жаңалықтар