Серік Қонақбаев: Азия боксының спорттық рухын оята алдық

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан боксында қандай өзгерістер орын алды, неліктен күрзі жұдырық спортшыларымызға үш есе сәттілік серік болды және жалпы осы жыл Азия боксы үшін қалай аяқталуда? ҚазАқпаратқа эксклюзивті сұхбат берген АИБА вице-президенті, Азия бокс конфедерациясының президенті Серік Қонақбаев дәл осы сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді.

- Серік Керімбекұлы, таяуда Вьетнамда қыздар арасында бокстан Азия чемпионаты өткен болатын. Осы байрақты бәсекедегі қазақстандық құраманың өнеріне қандай баға берер едіңіз?

- Меніңше, бір алтын, бір күміс және төрт қола медаль - бұл өте жақсы нәтиже. Бұл ретте қыздар арасында Азия боксында Вьетнам, Үндістан, Қытай, Солтүстік Корея және Тайпей қыздарының мықты екендігін естен шығармаған абзал. Дәл осындай өте бәсекелестік өте ауыр топта қыздарымыз өздерінің шеберліктерін көрсетті. Нәтиже де, ұмытылатын меже де бар. Менің жеке көзқарасым, Қазақстанның қыздар құрамасы барынша жақсы нәтиже көрсетті.

- Ағымдағы жылы Азияның бокстан 4 чемпионаты өтті. Олар: ерлер, қыздар, жастар және жасөспірімдер арасында Азия біріншіліктері. Аталған барлық байрақты бәсекеге Қазақстан өз командасын толық құрамда алып барды. Осы чемпионаттардағы боксшыларымыздың нәтижесі жайында не айтар едіңіз?

- Өздеріңіз де жақсы білесіздер, қазақ бокс мектебі - бұл тарихы бай, дәстүрі мығым қалыптасқан, бүкіл әлем мойындаған өте жоғары топ, мектеп. Қазақ боксының негізін қалаушы Шоқыр Бөлтекұлының даңқты заманынан басталып, кеңес дәуірінде өз жалғасын тауып, бүгінгі күнге дейін сақталып отыр. Отандық боксқа тек қана біздің жанкүйерлер ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлем жұртшылығының назары өте жоғары болып тұр. Біздің боксшыларымыз өздерінің жанкүйерлерін жоғары құндылықты медальдармен еркелетіп келгендіктен, олардан мұнан өзге жетістік күтілмейді де. Әлемдік спорттық қоғамдастық біздің мектебімізге, балаларымыздың техникасына таң қалуда. Өзге елдердің бокс ұйымдарының өкілдері Қазақстан бокс федерациясының жұмысын әр уақытта да атап өтіп, көпшілігі біздің федерацияның жұмыс істеу жүйесіне қызығушылық танытуда. Айта кетерлігі, әлемнің бізден басқа бірде бір мемлекетінде боксшылар мемлекет, федерация және жанкүйерлер тарабынан мұндай қуатты қолдауға ие болып отырған жоқ. Біздің спортшыларымыздың үш есе жолы болған. Шынымен де бұл ақиқат дүние. Елімізде спорт ең жоғары деңгейде қолдауға ие болып отыр. Мемлекет басшысының сапары спорттық нысанды аралап көрусіз болған емес. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының бұқаралық спортқа және спорттың жоғары жетістіктеріне баса назар аударатындығының нақты дәлелі бола алады. Егер біздің спорт түрімізді жеке алып қарайтын болсақ, онда Қазақстан бокс федерациясының басшылық позициясына Тимур Құлыбаев келгеннен кейін қазақстандық бокстың жаңа дәуірі бастау алды. Кешенді менеджмент боксшы өмірінің барлық құрамдас бөлігін қамтыды. Ол: спортшыларды, команданы толыққанды қаржыландыру, біліктілігі жоғары бапкерлерді, төрешілер мен дәрігерлерді тарту, заманауи базалар салу, әрине одан кейін әлемдік спорттық қоғамдастықта біздің бокстың беделін одан ары нығайту. Өте ауқымды жұмыс жүргізілді және бұл деңгейді ұстап тұру да оңай емес. Бұл - федерацияға да, бапкерлерге де, спортшыларға да жүктелетін зор жауапкершілік.  Әрине, алға қойылған міндеттер әр уақытта да орындала бермес. Өйткені, әлем бір орында тұрғаны жоқ, бокс үнемі даму үстінде, бәсекелестік те жоғары. Бұл жақсы да. Себебі, бәсекеге толы күрес шынықтырып, мұнан да зор жетістіктерге жете түсетін болады.  Біз жаңа олимпиадалық циклге аяқ бастық. Алға қойған міндеттер де жоғары және біз соған ұмтылуға тиіспіз. Айта кетерлігі, жастар мен жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионаттары өте жақсы ізбасарлардың бар екендігін көрсетті. Ең бастысы, сол балаларды жоғалтып алмай, дұрыс бағыт-бағдар көрсетуіміз керек.

- Серік Керімбекұлы, Азия бокс конфедерациясы құрлықтық чемпонаттардың жылдық жоспарын жапты. Осы ретте 2017 жылды қалай бағалар едіңіз? Алға қойылған барлық мақсаттарды орындауға мүмкіндік болды ма?

- Сұрағыңызға рахмет. Білесіз бе, уақыт өте жылдам өтеді екен. Азия бокс конфедерациясының президенті болған үш жыл көзді ашып-жұмғанша сырғып өте шықты. Бастапқыда біз қолымызда бар дүниеге және неге қол жеткізуіміз керектігіне терең талдау жасадық. Біздің конфедерацияның құрамына 44 ұлттық федерация кіреді. Ал бұл - Азия өңірі елдерінің басым бөлігі. Алайда, құрлықтың адами әлеуетінің зор болғандығына қарамастан, барлық елдердің бірдей боксты дамыту үшін экономикалық мүмкіншіліктері жоқ, барлық мемлекеттің боксшылар әлеуеті де бірдей жоғары емес. Біздің міндетіміз осынау «ұйқыда» жатқан федерацияларды ояту, біздің, қазақстандық түсініктегі боксты, оны қалай түсінетіндігімізді, қалай жақсы көретіндігімізді көрсету болды.  Бокстың ішкі «асханасын» білетін адам болғаннан кейін сәйкесінше материалдық-техникалық қолдаусыз оған қол жеткізудің оңайға түспесін түсінген едім. Сол жылдан бастап біз өз арамызда «кішкене қадамдар бағдарламасы» деп айтатын шарамызды бастап та кеттік. Бұл ежелден келе жатқан ақиқат. Ештеңеден қорқудың қажеті жоқ, бірдеңеден бастап, әрекет ету қажет. АИБА аккредиттеген ресми серіктесіміз, боксшы киім-кешегі мен құрал-жабдығын жеткізумен айналысатын қытайлық «Wesing» компаниясының қолдауымен аталған дүниелерге мұқтаж федерацияларға боксшы қолғабын және өзге де қажетті заттарды тапсыру шарасын дәстүрге айналдырдық. Нәтижесінде, 2017 жылдың ішінде аталған бағдарламамен 14 елді қамтыдық. Сонымен қатар ағымдағы жылы конфедерация қазақстандық бапкер Мұхтар Бердімбетовті үш айға Непалға жұмыс істеуге жіберді. Аталған қысқа уақыттың ішінде Бердімбетов оларға бокс мектебінің қыр-сырын көрсетіп, жаттығу процесін жолға қоюға көмек беріп үлгерді. Нәтижесінде, ағымдағы жылы Непал алғаш рет жасөспірімдер мен қыздар арасындағы Азия чемпионаттарына қатысты. Айта кетерлігі, біздің чемпионаттарымызға Камбоджа мен Мьянма да қатысты. Бұл олардың азиялық рингте тұңғыш рет өнер көрсетулері еді. 2 жыл бойы Ауғанстан жарыстарға командасын жіберуде қаржылық қиындықтарға душар болып келсе, таяуда бұл ел өз тарихында алғаш рет бапкерлер үшін АИБА-ның сертификаттталған курсын өткізді. Бұл да қуантарлық жайт. Үнемі соғыс жағдайында тұрған ел үшін бұл айрықша маңызды факт дер едім. Өз тарихында қиын-қыстау заманды бастан кешіріп жатқан Сирия үшін де мұның қатысы бар. Дегенмен, бұл ел жарыстарды жіберіп алмауға тырысады. Қаржылық қиындықтарға байланысты Камбоджа мен Солтүстік Корея командалары Азияның бокстан қыздар чемпионатын жіберіп ала жаздады. Біздің конфедерация олардың Вьетнамдағы тамағы мен жатын орындарына кететін шығындарын өтеп берді. Аффилирленген федерациялар қатарындағы біздің серіктестеріміздің көпшілігі бастамаларымызға қолдау көрсетіп отырады. Дәл қазір біз азиялық бокстың біртұтас спорттық рухын оята алдық деп айта аламын. Спорттық бірліктің ерекшелігі - біз шаршы алаңда ғана қарсыласпыз, ал рингтен тыс - біз біртұтас спорттық отбасымыз. Дөңгелек түскі ас үстелінің басында Солтүстік пен Оңтүстік Кореяның, Қытай мен Тайпейдің спортшыларының бірге отырғаны, Гамбургте өткен әлем чемпионатында өзбек жанкүйерлерінің «Қазақстан! Қазақстан!» деп ұрандатуы жанға жайлы емес пе? Айтпақшы, ағымдағы жылы Германияда өткен әлем чемпионатында Азия алғаш рет жалпы медаль саны бойынша өзге құрлықтардан басым түсті. Мүмкін кішпейілдік танытпағандай көрінермін, бірақ бұл мақтанарлық жайт қой. Міне, бұл жылды біз осындай қорытындымен аяқтаудамыз.

- Қызықты сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

- Спортқа деген шынайы қызығушылығыңыз үшін сізге де зор ризашылығымды білдіремін! 

Соңғы жаңалықтар