Сенат бюджетке енгізілген түзетулерді қабылдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Парламент Сенатының бүгінгі отырысында баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, 2018 жылы қаңтар-наурызда экономиканың өсімі 4,1 пайызды құрап, биыл мұнайдың болжамды бағасы бір барреліне 45 АҚШ долларынан 55 долларына дейін ұлғайған.

«Металдардың баға индексі 0,4 пайызға артты. 2017 жылы нақтыланған базаны есепке ала отырып, 2018 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 57,2 трлн теңге көлемінде болжанады. Ол тамызда мақұлданған көрсеткіштен 1,3 трлн теңгеге артық. Нақты жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,8 пайыз деңгейінде күтілуде. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 9,2 мың АҚШ долларына дейін ұлғаяды», - деп тоқталды ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Министрдің айтуынша, Энергетика министрлігінің болжамдары бойынша 2018 жылы мұнай өндіру көлемі 87 млн тоннаны құрайды. Мұнайдың әлемдік бағаларының ұлғаюын және экономиканың өсімін ескере отырып, экспорт 54 млрд АҚШ долларына дейін, ал импорт 34 млрд долларға дейін артады.

Ал Тимур Сүлейменовтан кейін баяндама жасаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуына қарағанда, нақтыланған бюджеттің міндеттерін іске асыруға арналған ресурстар ретінде үш бағыт бойынша шоғырландырылған қаражат бар.

«Бірінші, макроэкономикалық болжамды түзету нәтижесінде 181 млрд теңге мөлшеріндегі республикалық бюджеттің қосымша түсімдері. Екінші, былтырғы бюджеттен қалған 125 млрд теңге көлеміндегі тиісті қалдықтарын тарту. Үшінші, 118 жарым млрд теңге сомасындағы борыштық бағалы қағаздарды шығару болып табылады. Бекітілген бюджет кірістерінде салықтарды жинау жобасын асыру бойынша әзірленген жоспарлар есепке алынды», - деді министр.

Бақыт Сұлтанов Қаржы министрлігінің жанында құрылған жобалық кеңсе салықтық және кедендік төлемдерді жинау деңгейін көтеруді көздеп отырғанын жеткізді.

«Осы жоспарлардың маңызды элементі - бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені төмендету. Мәселен, 2017 жылы тексерістер саны 45 пайызға қысқартылды. Бұл жұмыста ақпараттық технологияларды енгізуге екпін жасалады. Мысалы, өткен жылдың үшінші тоқсанынан және ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап, «Астана - 1» ақпараттық жүйенің транзит, экпорт және импорт бойынша кеден органдарының бизнес-процестерін автоматтандыратын модульдер іске қосылды. Нәтижесінде, кедендік тазартудың орташа уақыты 105 минуттан 7-15 минутқа дейін қысқартылды», - деді ол.

Сұлтановтың айтуынша, ағымдағы жылдың 181 млрд теңге қосымша түсімдері қажетті шығыстардың 44 пайызын ғана жабады. Нәтижесінде, республикалық бюджет шығыстары ақпан айында Үкімет түзеткен бюджеттен 417 млрд теңгеге, ал жалпы бекітілген бюджеттен 425 млрд теңгеге өседі.

«Аталған шығыстарды 3 негізгі бағыт бойынша бөлу ұсынылады. Бірінші Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекелестік қабілеттілік» және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауларын іске асыруға 293 млрд теңге көзделеді. Екінші, 25 млрд теңге Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруға бөлінеді. Үшіншіден, бұрын қабылданған міндеттемелерді іске асыруға 99 млрд теңге бағыттау ұсынылады», - деді Бақыт Сұлтанов.

Соңғы жаңалықтар