Семейде қоғамдық көліктерде үш адамның ұялы телефонын жымқырған ұры ұсталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Семей қаласының тәртіп сақшылары қоғамдық көліктегі адамдардың қалтасынан ұялы телефонын жымқырып кетіп жүрген ұрыны қолға түсірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ШҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта ұсталған күдіктінің үш қылмыстық іске қатысы бары анықталып отыр.

«30 қараша күні қалалық №11 автобуста ол 17 жастағы студент қыздың қалтасынан құны 80 мың теңгелік ұялы телефонды жымқырып кеткен. Бұдан кейін 9 желтоқсан күні дәл осындай жолмен №20 автобуста 25 жастағы жбойжеткеннің 50 мың теңгелік ұялы телефонын қолды қылған. Арада бір күн өткеннен кейін дәл сол адам тағы бір егделеу кісінің 40 мың теңгелік телефонын олжа еткен. Тінту барысында күдіктіден ұрланған үш телефон табылды», - деп хабарлайды ШҚО ІІД баспасөз қызметінен.

Күдікті қазір уақытша оқшаулағышқа қамалып отыр. Ол ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Күдіктінің бұдан басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталу үстінде.

Соңғы жаңалықтар