Сайлаубектің сандырағы һәм халық талғамы - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарындағы өңірлік баспасөзге шолу ұсынады.

*   *   *

Сайлаубектің сандырағы немесе бүгінгі халық талғамы қандай? - Жетісу газеті

Алматы облыстық «Жетісу» газеті осыдан біраз бұрын жастар арасында  жарқырай шығып, тіпті шоу-бизнеске де араласып, тойларға да шақырылған «МС Сайлаубек» есімді «өнерпазды» қайта оқырманның есіне салады. Айта кетерлігі, қазір жұрттың біразы жалыға бастаған Сайлаубектің интернетте тараған бейнебаянын тамашалағандар саны он миллионға жуықтапты. Осыны алға тарта отырып, автор «Бұл халық талғамының өскені ме, өшкені ме?» деген мәселеге жауап іздеген.  Мақала авторы Сайлаубектің «өнердегі» алғашқы баспалдағынан бастап тәптіштеп, «айтып жатқанын ешкім түсінбесе де, есі кеткенше былдырлағанына билеп жүрген» тыңдарманның талғамына таңғалады.

«Біз Сайлаубек қазақ эстрадасының образын айшықтап берді ме деген ой айтқымыз келді. Егер расымен осылай болса, онда әу демейтін қазағы жоқ қоғам әлдеқашан келмеске кеткенін мойындайтын уақыттың жеткендігі де» деп жазады автор. Мақалада Сайлаубек қана емес қазіргі заманғы сахна мен той әншілері де біраз сынға іліккен. «Қазақтың қазіргі заманғы әні, сахнасы, өнері Сайлаубекпен тұйықталып, біржолата тоқтап қалғандай. Кейде фонограммамен қалың елдің алдында селкілдеп билеп, ән салып жүрген «өнерпаздарды» көргенде Сайлаубек елестейді. Сөзі мен мағынасына мән бермейтін әншілердің бәрін Сайлаубектің қатарына қосқың келіп кетеді. Айырмасы Сайлаубек - арзан өнердің шарықтау шегі, ал дарынсыз әншілер - шарықтау шегіне дейінгілер. Иә, қазақтың тұнық әніне кір жағып жүргендерді «сайлаубекшілер» деп атағанымыз абзал-ау» деп түйіндейді автор.

 

Қазақтың тойы қанша тұрады?.. - Атырау газеті



Шындығында қазіргі қазақтың тойы туралы әңгіме аз айтылған жоқ. «Той қалай өтеді»-ден бастап, тойда қалай үнемдеуге болады деген мәселелер әрбір отбасы үшін өзекті. Өйткені қазақта той көп.  Осы тойдың мәселесіне үңілген «Атырау» газеті «Қазақы той бизнестің көзіне, босқа қаражат шашудың амалына айналып бара жатқан жоқ па?» деген мәселені саралапты.

Мақала авторы бүгінгі күні қазақтың той бизнесі дамып кеткенін алға тартады. Расында қазір не көп, тойхана көп. Осындай көп тойханада той өткізудің құнын саралаған автор мейрамханалардың біразын аралағанға ұқсайды. Тойдың фотоқызметінен асабасына дейін қанша қаражат тұратыны сараланып, тіпті қандай жеңілдіктерді қалай алуға болатыны да айтылыпты. Құдаларға кигізетін кит те, тойбастар да осында бар. Тоқ етері былай екен: «көптен озып, көштен  қалмау үшін той жасауға 3,5-5 миллион теңге көлемінде шығындануыңызға тура келеді.Көрпеге қарай көсілу керектігін, әсіресе, той жасар сәтте ұмытып кететініміз қандай өкінішті. Жұрттан қалмаудың амалымен қарызданып жүріп, қуанышты сәтті дүркіретіп атап өту - қажеттілік пе, әлде құр дарақылық па? Жиғаны бар, жағдайы жақсы адам болса, бір сәрі. Бәлкім, бос ысырапшылдықты жоюдың да бір жөні бар шығар».

  

Тарихи орындардың атауына абай болайық - Оңтүстік Қазақстан газеті

«Оңтүстік Қазақстан» газеті тарихи атауларға қатысты мәселе көтерген автор мақаласын басқан. Бұл ретте мақала авторы соңғы уақытта тарихи орындар мен жер-су атауларын бұрмалап айту белең алып бара жатқанына налиды. Сосын нақты мысал ретінде жақында жарық көрген журналистің жұмысын сынға алады. Бақсақ журналист фильм түсіру барысында «Ақмешiт» үңгiрiн «Бәйдiбек үңгiрi» деп атаған екен. «Журналист мырза кешiрiп қойсын, мұны өз басым Бәйдiбек бабаға құрмет деп емес, тарихи топонимикалық атауларды қазақтың жадынан әдейiлеп өшiру мақсатымен жасалған қадам ба деп қабылдадым. Өйткенi, Ақмешiт әулие «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясына (1-том, 190-бет) да осы атаумен енген. Бүгiнде бiр ауданның атын иеленiп отырған Бәйдiбек баба атауын бiр үңгiрге телiп қоюды өз басым құрмет деп қабылдай алмадым» деп жазады автор.

Кешегі Абай мен бүгінгі біз - Оңтүстік Қазақстан газеті

«Оңтүстік Қазақстан» газетіндегі тағы бір мақалада автор Абай Құнанбайұлының туған күнiне байланысты сөз қозғай отырып, оның бүгiнгi күнге жеткен жалғыз ұрпағына жұртшылықтың назарын аудартады.  Бақсақ, дана ақынның сүйегінен өнген «ұлдан жалғыз еркек кіндікті қалған екен». Данияр есімді ол бүгінде Алматыда тұрады. Мақала авторы осыны айта келе, текті жерден тараған әрі "ұлдан жалғыз өрген еркек кіндіктінің" тегін жалғастыруды да сөз етеді. Сосын қазақы әдетпен, қазақы жолмен оған ұлдан бала сүйетіндей жағдай жасау қажеттігін де меңзеп қояды. «Сонымен бiрге дәстүрлi қазақ тұрмысын аңсаған бiр-екi азаматтың «Даниярға қазақ қыз алып берсек қайтедi, мүмкiн, ұлды болып қалар...» деп құмыға шыққан дауыстары «жеке адамның өмiрiне араласуға құқыңыз жоқ!» деген үкiмдi сөздерге көмiлiп қалды» деп жазады автор.

  

Ақсүйек әйелдің бас киімі  - Сарыарқа самалы газеті

Павлодар облысы Астанада өтетін мәдениет күндеріне ерекше дайындалғанға ұқсайды. «Елорда халқы мен көрме қонақтарына көрсету үшін Ертіс-Баян өңірінен табылған сирек жәдігерлерді апару жоспарланып отыр. Облыстан Астанаға апарылатын көне жәдігерлердің бірі - ертедегі ақсүйек әйел адамның бас киімі. Бұл құнды жәдігер «Бокка» деп аталады» деп жазады Сарыарқа самалы.

Бас киімді ХІІІ-ХІV ғасырларда өмір сүрген ақсүйек әйел киген деседі. Облыстық тарихи-өлкетану музейіне қойылған экспонат 1959 жылы қазіргі Ақтоғай ауданы аумағынан табылған. Мамандардың айтуынша, бұл қайталанбас тарихи жәдігер екен. Өйткені әйел адамдар киген боккалар өте сирек кездеседі екен. Бокконың ерекшелігі мен облыстың Астанаға арнаған тағы қандай ерекше сияпаттары бар екенін «Сарыарқа самалы» газетіндегі мақаладан оқуға болады.

Құмиян құпиясы - Сыр бойы газеті

«Сыр бойы» газеті өлкедегі киелі орынның бірі саналатын  Жаңақорған ауданында орналасқан Құмиян шаһары туралы жазады. Қала туралы ел аузында сақталған аңыз әңгімелердің бәрі жыланмен байланысты болып келеді. Тіпті, мистикалық оқиғаларға құрылған әпсаналарда бұл қаладағы тіршіліктің тоқтауына да жыландар себеп болғаны айтылады. Мақалада шежірешіл ақсақалдардың аузымен жеткен сондай аңыз әңгімеге тоқталады. Шындығында әңгіменің желісі де қызықты.

«Иә, біздің заманымызға дейін жеткен Құмиян тағы қандай сырды сақтап жатқаны бізге беймәлім. Тек білетініміз, оның сақталған орны  әлі күнге дейін өзін тарихта болғанын айтып жатқандай көрінеді» деп жазады автор.

  

Тағдырдың талқысына мойымаған - Дидар газеті

«Дидар» газеті Қырғызстанда өткен қол күресінен XVI Азия чемпионатының жүлдегері туралы әңгімелеген екен. Осы додада екі бірдей қола медальды иеленген Берік Русжанов мақалаға арқау болыпты. Бір ерекшелігі Берік - туғаннан сал, балалардың церебралды параличіне ұшыраған жан боп шықты. Бірақ бүгінде ел намысын қорғап, әлемдік аламандарға қатысып жүрген ол өзін мүгедек ретінде санамайды.  «Ол ауылдағы белсенді азаматтардың бірінен саналады. Үкімет төлейтін азын-аулақ жәрдемақыға қарап отырғанды ар санайтын Берік ауыл тұрғындарының аяқ киімін жөндеп, ағайын-жұртқа пайдасын тигізеді. Ал ағайындарымен бірге құрған мал өсірумен, ара шаруашылығымен айналысатын «Балғын» шаруа қожалығының жетекшісі ретіндегі жауапкершілігі өз алдына» деп жазады Дидар газеті.

Мақалада кейбір «жұмыс жоқ» деп аузын қу шөппен сүртіп, үйде шалқадан түсіп жататын тепсе темір үзетін жігіттерге реніш айтылып, оларға Берік сияқты жанкешті азаматтар үлгі етіледі. «Негізі мәселенің төркіні деннің саулығында, күштің молдығында емес, ниет пен пейілде, талап пен талпыныста болса керек» деп түйіндейді мақала авторы. 

Соңғы жаңалықтар