Саяси жаңғыру Қазақстанның экономикасын ғана емес, барлық саласын қамтуы керек - Ғалымжан Дүйсен

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Философия, саясаттану және дінтану институтында ғалымдар «Елдегі саяси жүйені жаңғыруы» тақырыбында өткен конференцияда бас қосып, конституциялық реформа аясындағы мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселесіне қатысты өз пікірлерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында баяндама жасаған ҚР БҒМ ҒК Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты директорының орынбасары Ғалымжан Дүйсен елімізді ғылыми жаңғырту жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты.

«Жаңғыру - Қазақстанның экономикасын ғана емес, барлық саласын қамтуы керек. Негізі мәселенің бірі ғылым саласын жаңғырту қажеттігін айтқым келеді. Ғылым саласын жаңғырту арқылы ғылымға жаңа технологияларды тартуға болады. Кадр дайындау мәселесі де өзекті. Мысалы, 2016 жылдың қорытындысы әлі дайын болмағандықтан, 2015 жылдың статистикасына сүйенсек, Қазақстанда 1 800-ден астам ғылым докторы болса, соның 46-сы ғана 25 пен 44 жастағы ғалымдар екен. Қалғаны 45-65 және одан жоғары жастағы ғалымдар. Яғни, 90 пайыздан артығы егде жастағы ғалымдар. Осы мәселені шешу үшін ғылыми кадрларды қолға алу керек», - дейді экономика ғылымдарының докторы Ғ.Дүйсен.

Айта кетейік, конференцияда Қазақстандағы саяси жүйенің жаңғыруы, конституциялық реформа аясындағы мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу, Парламенттің мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлін күшейту секілді мәселелер талқыланды.

Ғалымдар Қазақстан президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында жаңғырудың қоғамдағы тұрақтылық пен даму факторы ретінде модернизациялық үдерістердің философиялық, саяси-құқықтық және экономикалық аспектілері жөнінде пікір алмасты.

Соңғы жаңалықтар