Сауытбек Абдрахманов: БҰҰ-ның ең беделді органына қазақ тілі тұңғыш рет шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде қазақ тілінде сөйлеуі - қазақ тілінің тағы бір белесі. Астанада өткен «Елбасы Жолдауы: жаңа жаһандық кезеңдегі қазақ тілі» атты дөңгелек үстелде Парламент Мәжілісінің депутаты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Кеше 18 қаңтар - біздің тіліміз үшін тағы бір айтулы күн болды. 2015 жылдың қараша айында бірінші рет БҰҰ мінберіне қазақ тілі көтерілген болатын. Кеше сол БҰҰ-ның ең қуатты, беделді органы - Қауіпсіздік Кеңесіне бірінші рет қазақ тілі шықты. Бұл да біздің тіліміздің белесі деп ойлаймын. 2015 жылғы Елбасының БҰҰ мінберінде сөйлеген сөзіне байланысты айтқым келеді: алғашқы сәттерде жарты минуттай ма, 20 секундтай ма бір жағдай болды. Өйткені, аударма басталған жоқ. Ол жердегі аудармашылар алты тілде сөйлеп, аударуға бейімделген. Оларға қазақ тілінде сөйлеп тұрған адамның сөзін ағылшын тіліне аударып, олар ағылшын тілінде тыңдап, басқа испан, неміс тілдеріне көшуге мәжбүр болды. Бұл қазақ тіліне қатысты жаңалық бүкіл әлемдік баспасөздің назарын аудартты десе де болады», - деді Сауытбек Абдрахманов.

Депутат алғашқы жарты минут бойы синхронды аударманың жасалмағаны, бір жағынан жақсы болғанын, сол фактіге жұрт ерекше назар аударғанын атап өтті.

Сауытбек Абдрахманов сонымен бірге, Қазақстандағы басқа ұлттардың латын әліпбиіне көшуді қолдауы еліміздің бірлігін көрсететінін жеткізді.

«Осы тілге, оның ішінде қазақ жазуының латынға ауысуына байланысты Парламентте Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі ретінде біздің ағайындарға ой түрткі ретінде бір пікір айтып едім. Сондағы азаматтар бұл пікірге өте үлкен түсіністікпен қарады. Атап айтқанда, жанымда отырған Фахриддин Қаратаев, Шаймардан Нурумов «Біз қазақ тілімен бірге тыныстаймыз. Біздің тіліміз де, діліміз де бір. Біз қазақ ағайындармен бірге латынға көшеміз» деп отыр. Бұл меніңше, біздің еліміздің бірлігін, ағайынның ауызбіршілігін көрсететін өте жақсы шешім деп ойлаймын. Осыған разылығымызды айтқымыз келеді», - деп түйді Сауытбек Абдрахманов.

Еске сала кетсек, аталған дөңгелек үстелде қазақ тіліндегі энциклопедиялық, оқу-әдістемелік, ғылыми, анықтамалық, танымдық мазмұнда қырыққа жуық кітаптың тұсаукесері өткен болатын. Атап айтқанда, «Ахмет Байтұрсынұлы» энциклопедиясы, «Қазақ сөзі» қазақ тілінің белсенді лексика-грамматикалық минимумының әдістемелік кешені, «Оқу құралы + мультимедиялық бағдарламасы (СД диск)», «Қазақ сөзі» қазақ тілінің белсенді лексика-грамматикалық минимумының әдістемелік кешені секілді туындылар оқырманға жол тартты. Сонымен бірге, Қазақстандағы кітапханалардың сөрелері «Украин тілін оқытуға арналған оқу-әдістемелік құрал», «Балаларға базарлық» (Ана тілін үйрету құралдары), «Сөз сыны», «Алаш қозғалысы» жинағы, «Алаш қозғалысы. Балаларға арналған анықтамалық», «Әдістеме әлемінде» (ғылыми-әдістемелік жинақ), «Астанаға қош келдіңіз! Тілдескіш» кітабының испан-қытай-араб-ағылшын тілдеріне арналған нұсқаларымен т.с.с кітаптармен толықты.

Соңғы жаңалықтар