Сауда орталығында құлаған балаға қатысты дәрігерлер ресми алғашқы ақпаратты берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық дәрігерлер «Март» ойын-сауық сауда орталығында 3 қабаттан құлап кеткен баланың денсаулығына қатысты ресми мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Алматы қаласында БАҚ өкілдері үшін арнайы баспасөз мәслихатын өткізген Алматы қаласы Жедел медициналық көмек көрсету орталығы бас дәрігерінің орынбасары Дінмұхаммед Рузуддинов баланың денсаулығына қатысты нақты ақпаратпен бөлісті.

«12 қазан күні кешкі сағат 17:50-де қаладағы сауда кешендерінің бірінен 2 жасар бала жеткізілді. Куәгерлердің және жедел медициналық қызмет дәрігерлерінің айтуы бойынша, бала 3-ші қабат баспалдағынан құлаған. Біздің болжауымызша бала басымен құлаған. Баланың жағдайы өте ауыр. Орталықтың нейрохирургтары және басқа да сала бойынша дәрігерлері қарап, балаға қосарланған жарақат, ашық бас ми жарақаты, ортаңғы жілік сынығы, кеуде, іш пердесінің соғылуы секілді диагноз қойды. Балаға түнде ота жасалды. Бас ми жарақаты күрделі болғандықтан, ота жасалды. Бала жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы өте ауыр. Әлі есін жиған жоқ. Қандай ем керек соның бәрін қабылдап жатыр. Дұрыс болады, жазылып кетеді деген сеніміміз бар», - деді Д.Рузуддинов.

 null 

Бас дәрігердің орынбасары баланың денсаулығына қатысты әзір болжам жасай алмайтынын, қажетті көмек көрсетілгенін айтты.

«Бала әзір есін жиған жоқ. Болжам жасай алмаймыз. Барлық көмек көрсетілді», - деді ол.

Айта кетейік, 12 қазан күні Алматы қаласындағы «Март» сауда ойын-сауық орталығында эскалатормен кетіп бара жатқан анасының қолынан құлап кеткен. Оқиға Түркісіб аудандық ІІБ қайғылы жағдай ретінде тіркеуге алынып, полиция тарапынан кешенді тексеріс жүргізіліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар