Сәтбаев қаласында Рухани келісім күні қарсаңында Достық үйі ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында Рухани келісім күні қарсаңында Достық үйі ашылды, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Енді бір шаңырақ астында аймақтың барлық этномәдени орталықтары жиналады. Кеншілер қаласында орыс, украин, татар және корей орталықтары жұмыс істейді.

«Достық үйін ашу мәселесі бұрыннан пісіп жетілді», деп атап өтті Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов.

«Меніңше, барлық этномәдени орталықтар үшін бұл үлкен маңызға ие. Мұнда жұмысқа қажетті барлық жағдай жасалған - акт залы, әдістемелік кабинет, кітапхана, ана тілін оқып-үйретуге, жас ұрпақты ұлттық мәдениетке баулуға арналған оқу сыныбы бар.
Достық үйі этносаралық қарым-қатынасқа, қоғамдық ұйымдар арасындағы ынтымақтастық пен өзара серіктестікті нығайту үшін ашық алаң болады»,-деді Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов.

Достық үйі «Қазақстан халықтарының рухани, қоғамдық және ұлтаралық ынтымақтастығы орталығы» КММ құзырында. Қаланың этномәдени бірлестіктерінен бөлек, мұнда «Шындық» шығармашыл зиялылар қоғамдық ұйымы және өмірлік қиындыққа тап болған әйелдер мен балаларға арналған дағдарыс орталығы жұмыс істейтін болады.

Достық үйінің ашылуымен Сәтбаев қаласының тұрғындарын Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық Секретариатының жетекшісі Ерлан Құсайын құттықтады. Қарағанды облысы әкімінің атынан ол жаңа мекемеге Әлихан Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағын сыйға тартты.

Соңғы жаңалықтар