«Сарыарқа» газ құбырын тарту жұмыстары қашан басталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Сарыарқа»  газ құбырын тарту жұмыстары осы жылдың шілде айында басталады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Президенттің 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру жол картасына орай баяндама жасаған ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының еліміздің солтүстік өңірлерін газдандыру тапсырмасын орындау мақсатында 7 наурызда Энергетика министрлігінде мүдделі мемлекеттік  органдар, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола облыстары және Астана қаласы әкімшіліктерінің, «Самұрық-Қазынаның» қатысуымен кеңес өткізілген.

«Онда жобаны жүзеге асыру бойынша министрлік әзірлеген Жол картасы мақұлданып, жұмыс тобы құрылды. Сонымен жауапты мемлекеттік органдар мен компанияларды біз мынадай бағыттар бойынша анықтауға келістік. Біріншіден, Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана  бағыты бойынша магистралды газ құбырының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуді, бекітуді және жер бөлуді қамтамасыз ету. Жауапты орындаушылар - Энергетика министрлігі, Инвестициялар және даму министрлігі, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола облыстарының және Астана қаласының әкімдіктері, «ҚазТрансГаз» АҚ. Мерзімі - 2018 жылдың шілдесі», - деді министр.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, екіншіден, халықаралық қаржы институттарының қаражаттарын тарту арқылы жобаны қаржыландырудың сызбасы мен шарттарын анықтау, сонымен қатар «Сарыарқа» газ құбыры арқылы тасымалданатын газ тарифтерін өзгерту жөніндегі  мәселелері пысықталған.

«Жауапты орындаушылар - «Бәйтерек» холдингі, Ұлттық экономика, Энергетика, Қаржы министрліктері, «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз», «ҚазТрансГаз».  Мерзімі - 2018 жылдың маусымы», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, үшішіден, жобаны жүзеге асыру үшін жобалық ұйымды құру немесе анықтау  және қаржыландыруды тарту үшін аталған ұйымда жарғылық капиталды жергілікті деңгейде қалыптастыру қажет.

«Жауапты орындаушылар - Ұлттық экономика министрлігі, «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз», «ҚазТрансГаз».  Мерзімі - 2018 жылдың маусымы. Магистралды газ құбырының құрылысына кірісу және газ құбырын алғашқы рет  дәнекерлеудің салтанатты рәсімі ағымдағы жылдың шілде айының басына жоспарлануда. Сонымен қатар магистралды газ құбырын толтыру және тұтынушыларға газ жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында Қарағанды, Ақмола облыстары және Астана қаласының әкімдіктеріне газ тарату желілерін жобалауы және құрылысын магистралды газ құбырының аяқталуы уақытымен сәйкестендіруі қажет. Барлық жұмыс 2019-2021 жылдары аяқталуы тиіс», - деді ол.

Фото: gorod-novoross.ru

Соңғы жаңалықтар