Санавиация қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірленуде - министр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Санавиация қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірленуде. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысынан кейінгі брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, санитарлық авиация күн сайын орташа есеппен 6 мәрте ұшуларды орындайды.

«Бұл күнделікті жұмыс. Соның арқасында мыңдаған өмір сақталып қалуда. Дегенмен, өкінішке қарай, техникалық тәуекелдер де бар. Олар біздің министрліктің қарауында емес десек те болады. Бірақ, алдын алу, болдырмау үшін тасымалдаушыларға талапты күшейтетін боламыз. Осыған байланысты комиссия тасымалдаушылардың қауіпсіздігін арттыру жөнінде Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдар үшін бірқатар ұсыныс әзірлеуде», - деді Елжан Біртанов.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі күні елімізде ауылды елді мекендердің жанына қонып, науқасты облыс орталығына жеткізуге мүмкіндігі бар ұшақтардың жетіспеушілігі анық байқалып отыр. 

«Мұны АН-2 ұшағы ғана орындай алады. Бұл ұшақтар негізінен жеткілікті де. Олар күнделік ұшып, өздерін жақсы қырларынан көрсетуде», -  деді ол.

Сонымен қатар, ол апатқа ұшыраған АН-28 ұшағындағы дәрігерлер бара жатқан жүкті әйелге қатысты деректермен бөлісті.

«Өкінішке қарай, әйел көз жұмды. Біз тергеу жүргіздік. Өте жоғары деңгейдегі мамандарды қажет еткен өте ауыр  жағдай болғаны сөзсіз. Өңірлік жергілікті дәрігерлердің осындай ауыр жайттарға қатысты өмірлік тәжірибелері жетіспей жатады. Бұл жағдайда ұшақ ұшқанға дейін де, одан кейін де онлайн кеңестер жүргізілді. Ол әйел күні-түні акушерлік, гинекология және ішкі аурулар кардиологиясы институтының мамандары тарапынан бақылауда болды», - деді Біртанов.

Естеріңізге салсақ, 2017 жылдың 3 қазанында 19 сағат 15 минутта Алматы облысы Іле ауданының Междуречинск ауылы маңында санитарлық авиация рейсін орындаған Ан-28 ұшағы құлап, өртенген. Бортта болған 5 адам қаза тапқан.

Соңғы жаңалықтар