Сағынтаев шетелдік инвесторларға ұсынатын жобалардың нашарлығын сынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев әлеуетті шетелдік инвесторларға ұсынатын жобалардың нашарлығын сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет басшысы өз сөзінде Елбасының тапсырмасына сәйкес, инвестиция тарту және эспорттық  саясат жөніндегі 2 стратегия әзірленіп жатқандығын атап өтті. Сонымен бірге инвестиция тарту жөніндегі стратегияның осы жылдың 1 шілдесінде бекітуге енгізілуі тиістігін еске салды. 

«Меніңше, шет мемлекеттердің Астанадағы дипломатиялық корпусымен, еліміздегі инвесторлармен талқылағаннан кейін тағы бір мәрте бас қосып, жария түрде қарау керек. Бізге жүктелгендей 1 шілдеде ұлттық стратегиямызды бекітіп, бірыңғай ақпараттық мониторинг жүйесін енгізуді бастауымыз қажет», - деді Премьер-Министр.

Осы ретте ол әлеуетті шетелдік инвесторларға ұсынылатын жобаларды дайындау барысында кемшіліктердің орын алып отырғандығын да ашық айтты.

«Бұл орайда инвесторлар үшін жобаларды дайындау үлкен мәселе болып тұр. Онда үлкен олқылық бар. Біз әкімдіктермен үлкен жұмыс жүргізіп, аталған учаскеге жауап беретін әкім орынбасарларын шақырдық. Қорытындысында, біздің шетелдік инвесторларға ұсынатын жобалар тізімі өте нашар, сұреңсіздеу. Шетелдік инвесторлар бүгінгі біз ұсынғаннан басқа жобаларды күтіп отыр. Яғни, бұл жақсы жобаларды іріктеу жұмыстарының жоқтығын көрсетеді. Әкімдерден сапалы жобаларды іріктеуге баса мән беруді өтінемін», - деді Бақытжан Сағынтаев. 

Соңғы жаңалықтар