Сағынтаев Қазақстандағы «жасыл» энергетиканың келешегі туралы айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев XI Еуразиялық KAZENERGY форумында Қазақстандағы «жасыл» энергетиканың келешегі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шынымен де, біздің көз алдымызда жаһандық энергетикалық нарықтың жаңа моделіне ауысудың бірегей процесі қарқын алуда. Біз тұрақты энергетикалық дамуды қамтамасыз етудің маңыздылығы, экономикалық өрлеу мен экожүйені сақтаудың арасындағы теңгерімі идеясын қолдаймыз», - деп тоқталды ҚР Премьер-Министрі.

Осы орайда Б. Сағынтаев әлемдік энергиялық жүйенің жаңа моделіне ауысу шаралары біркелкі іске асырылып жатқанын жеткізді. Дегенмен, әлем елдері бұған дейін болмаған жаңа сын-қатерлерге тап болуда, соның ішінде энергияның жаңа көздерінің екпінді дамуы да бар.

«Әлемнің кейбір өңірлерінде энергия тапшылығының сақталуы мемлекеттердің экономикалық өсімі мен халықтың әл-ауқатына нұқсан келтіруде. Сутекпен, ядролық синтезбен, биоотынмен және басқаларымен байланысты энергетиканың жаңа нарықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік мәселесі ашық күйінде қалуда», - деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Б. Сағынтаев климаттың өзгеруі проблемасының маңыздылығын ұмытпау керектігін сөз етті.

Оның сөзіне қарағанда, Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесі энергетиканың болашағы бүгіннен бастап айқындалатынын көрсетіп отыр.

«Қатысушы мемлекеттер таныстырған жаңа технологиялар мен стратегиялар бүгіннің өзінде жаңа нарықтарды қалыптастыруда, индустрияны трансформациялауда. Атап айтқанда, «ЭКСПО-2017» мұрасы әлемдің энергия жүйесін дамытуға және жаһандық энергетиканы тұрақты түрде жетілдіруде тың модельдерді құруға қуатты серпін беретініне сенімдімін. Біз БҰҰ-ның негізгі бастамаларын, Париж климаттық келісімін қолдаймыз. «ЭКСПО-2017» көрмесінің базасында «Болашақ энергиясы» технологиялар мен инвестициялар халықаралық орталығының жұмысы бастау алады. Бұл орталық  Орталық Азияда «жасыл» экономикаға көшу мақсатында БҰҰ-мен және ЭЫДҰ елдерімен ынтымақтастықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп түйіндеді сөзін ол. 

Соңғы жаңалықтар