Рузаевка ауылындағы қираған үйлер облыстық бюджет есебінен қалпына келтіріледі - СҚО

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО әкімі Құмар Ақсақалов көшпелі брифингте өңірдегі су тасқыны жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Демалыс күндері қызыл су Қызылжар ауданы мен Петропавл қаласына жетті.

Бір тәулікте облыс орталығы аумағында Есіл өзені 40 сантиметрге дейін көтерілді. Су тасқынынан өзеннің төменгі алқабында орналасқан Заречный кенті зардап шегуде. Ол жақтан 188 адам мен 147 бас мал алдын ала эвакуацияланды.  Әзірге үйлерді су басқан жоқ, дегенмен жергілікті билік кез келген оқиғаға дайын отыр. Су жайылған жерлерден халықты арнайы көлікпен өткізуде. Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетовтің айтуынша, жағдай бақылауда.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов өткен тәулікте Сергеевка су қоймасында су деңгейінің 190 см дейін төмендегенін хабарлады. Шал ақын және Есіл аудандарына еш қауіп төніп тұрған жоқ.

 «Штаб күнделікті жұмыс істеп тұр. Бәрін бақылауда ұстап отырмыз. Жағдайдың нашарлауын болдырмау мақсатында Заречный кентінің тұрғындарына көшу керек. Егер құтқарушылар айтса, демек бұл шараларды жасау қажет. Мол су келе жатыр. Қызыл су әлі де келуі мүмкін», - деді облыс әкімі.

Ол эвакуциялық пункттерге барғанын атап өтті. Онда заречныйлықтардың қанша уақыт тұратыны белгісіз. Кеше жаңбыр жауып, күн суытты. Су тасқыны бәсеңсіді.

 «Тері зауытында ескі бөгет нығайтылды, өткен жылы жаңасы тұрғызылды. Алдыңғы күні судың ескі бөгетке жақындағаны туралы ескерту келіп түсті. Түнде басталған бөгетті нығайту жұмыстары әлі де жалғасуда. Оны тағы 50 см көтереді. Тері зауытында су басқан үй жоқ», - деді Құмар Ақсақалов.

Сондай-ақ, өңір басшысы Рузаевка ауылында сенбілікке 400-ге жуық  қоғамдық ұйым өкілдері, жастар және солтүстікқазақстандықтар шыққанын хабарлады. Ондағы 12 қираған үй облыстық бюджет және есепшоттарға келіп түскен қаражат есебінен қалпына келтіріледі.

Соңғы жаңалықтар