«Рухани жаңғыру» бағдарламасы тың ұжымдық монографиялармен толықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «ҚР коммуникациялық саясаты: қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары» және «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы» атты ұжымдық монографиялардың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Тың монографиялар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жарыққа шыққан. Монографиялардың тұсаукесер рәсімінде Еуразия интеграция институтының директоры Ғани Нығметов туындыларда мемлекеттің коммуникациялық және әлеуметтік саясатына мұқият әрі жан-жақты зерттеуге ұмтылыс жасалғанын ерекше атап өтті. Алғаш рет ғылыми айналымға «интеграциялық-коммуникациялық саясат» деген термин енгізіліп, оны тиімді түрде іске асыру тәжірибесі көрсетілген.

«Бұл еңбек «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тәжірибелік тұрғыда түсіндіреді. Еңбекке кіріспес бұрын осынау монографияларды жазатын ғалымдар іріктелген болатын. Бұл туындылар мемлекеттік органдардың «Рухани жаңғыру» кеңселеріне жіберіледі. Өңірлердің ішкі саясат басқармаларына жетіп те қойды», - дейді Еуразия интеграция институтының директоры Ғани Нығметов Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де өткен тұсаукесерде.

Оның айтуынша, монографияларда Қазақстанның ақпараттық саясаты туралы кеңінен жазылады. Қазіргі уақытта Қазақстандағы халықтың 30 пайызы күнделікті жаңалықтарды интернеттен біліп отырады.
«Әлемдегі озық елдердің коммуникациялық саясатына сараптама жүргізе отырып, әлеуметтік институттардың зерттеу нәтижелері негізге алынды. Мемлекеттік органдарға деген сенім, еуразиялық интеграция тұрғысындағы көзқарас, халық қандай ақпарат көздеріне сенеді. Осы бағыттағы зерттеу жұмыстарының нәтижесі монографияда толық қамтылған», - дейді Ғани Нығметов.

Таныстырылымда ұжымдық монографиялардың бірлескен авторлары мен рецензенттері (Н.П. Калашникова, Т.Қ.Бөрібаев, Ж.К. Медеуов, Ғ.М. Шалахметов, Ғ.Т. Телебаев, Ж.А. Ысқақова) сөз сөйледі.

Олардың айтуынша, монографиялар ҚР БҒМ қолдаған ғылыми еңбек болып табылады. Аталған ғылыми жинақтар еліміздегі 50 ЖОО-ның әлеуметтік-гуманитарлық кафедралары мен ҚХА кафедралары үшін оқу-әдістемелік материал ретінде, сондай-ақ ұлттық кітапханалар мен олардың филиалдарына жіберілмек.

Соңғы жаңалықтар