Рухани жағынан бай ұлттың болашағы жарқын - БҚО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Рухани жағынан бай ұлттың болашағы жарқын. Бұл туралы белгілі қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік және М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Сәбит Досановтың Теректі ауданындағы «Ақжайық» шипажайында демалушылармен, зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Шараға қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасымыздың басты стратегиялық бағыттарды белгілеп бергені мәлім. Қазіргі таңда еліміз саяси, экономикалық және рухани жағынан қайта жаңғыру үстінде. Әлем халықтары мидай араласып жатқан кезде ұлттың бірегей тарихын, мәдениетін, бай салт-дәстүрін сақтап, келесі ұрпаққа жеткізудің маңызы зор. Міне, сондықтан да «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес бүгінгі буынның алдына үлкен міндеттер қойылып отыр. Осы бағытта Батыс Қазақстанда да жобалық кеңсе құрылып, әр салада жаңа жобалар қолға алынуда. Бұл орайда елдің сөзін айтатын қаламгерлер мен ақсақалдардың құнды ұсыныс-пікірлері де ортаға салынып, ескерілетіні анық.

Кездесу барысында жазушы Сәбит Досанов оқырмандар тарапынан қойылған сауалдарға жауап бере отырып, өзінің туған өлкесі - Торғай өңірі, қырқыншы жылғы қиындықтарға тап келген балалық шағы, кітапқа деген құмарлық, әдебиет әлемі  туралы әсерлі әңгімеледі.

«Елбасымыздың болашақты көздеген идеялары үнемі жүзеге асып келеді. Соның ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы адастырмайтын ақ жол дер едім. Мен үш-ақ нәрсеге тоқталайын. Біріншіден, әлемдегі 100 керемет кітапты аударып, ел игілігіне айналдырсақ, одан зиялы қауым да, қарапайым халық та байи түсіп, үлгі-өнеге алар еді. Екіншіден, «100 жаңа есім» жобасы Қазақстанды қайтадан асқақтататыны анық. Бұдан бұрын Бибігүл Төлегенова, Олжас Сүлейменов, Тоқтар Әубәкіров сияқты тұлғалар әр салада қазақты әлемге танытса, ендігі кезек жастарға келеді. Яғни халықтың тоқырап қалмағанын, қой бағып емес, ой бағып жүргендігін, жан-жақты дамып келе жатқандығын тағы бір көрсетеді. Үшіншіден, латын қарпіне көшуді асықпай, барлығын ескере отырып, қолға алу керек. Ұраншылдыққа салынбай, кириллицамен жазылған алтын қазынамызды жоғалтпай, қатар дамыту қажет. Латын қарпіне көшкен өзбек, әзірбайжан сияқты туысқан халықтардың тәжірибесін жете зерттеп, олардың қателігін қайталамаған жөн», деді өз сөзінде С.Досанов. 

Соңғы жаңалықтар