Режиссер Жәнібеков адвокатынан бас тартты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «ФЕНИКС» фильміне бөлінген қаражатты қолды етті деп айыпталып отырған фильм режиссері Талғат Жәнібеков адвокат ауыстыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы Медеу аудандық сотында «Феникс» фильмі бойынша тараптардың жарыссөзі бүгін Талғат Жәнібековтің адвокаты Серік Айтбаевтың ауырып қалуына байланысты мамыр айының 22-сіне шегерілді.

Сотта судья Тәкен Шәкіров қылмыстық істі адвокаттың қатысуынсыз өткізе алмайтынын ескертті.

«С. Айтбаев электронды пошта арқылы өтінімхат беріп, сот процесін оның қатысуынсыз өткізуді немесе кейінге шегеруді сұрапты. Денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздық парағын кейін әкелетінін жазған. Ол сіздермен хабарласты ма, қайда?», - деп сұрады судья Талғат Жәнібековтің жарынан.

Режиссердің ағайындары адвокатпен хабарласа алмай отырғанын, телефонына жауап бермейтінін айтып, басқа адвокат жалдайтындарын мәлімдеді.

Судья Тәкен Шәкіров айыпталушы режиссер Жәнібековтің өзінің пікірін сұрады.

«Ауыстырамыз», - деп жауап берді режиссер.

Еске сала кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының мәліметі бойынша «Феникс» көркем фильмін түсіруге арналған 79 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражаты «Т.К.TURAN UNIVERSAL BUSINESS» ЖШС есеп-шотына аударылып, оның 69 млн теңгесі ұрланған. Ал аталған фирманың құрылтайшысы - картинаның бас  продюсері Тұңғышбай Жаманқұлов. Қазіргі уақытта сотталушылар орындығында 9 адам отыр: олар «Феникс» кинокартинасының бас продюсері, халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, кинофильмнің режиссері Талғат Жәнібеков, атқарушы продюсері Наталья Юдина, редакторы Ғизат Сұлтанов, «Феникстің» дайындық кезеңіндегі түсірілім тобының директоры Мәрлен Әбішев, «Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы» АҚ-ның топ-менеджері Гауһар Ысқақова, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өкілі Данияр Әбдіқадыров, жеке кәсіпкер Илья Коробейников және кинокартинаның екінші режиссері Бижан Әбішев.

Соңғы жаңалықтар