Ресейдегі қандастарды елдің солтүстігіне қоныстандыру тетіктерін қарастыру қажет - сенатор

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында депутат Әли Бектаев шағын жинақталған мектептердің проблемасы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Депутаттық сауалға Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің құрамында Павлодар облысына жасаған іссапар кезінде көз жеткізген білім беру жүйесіндегі шағын жинақталған мектептердің жағдайы негіз болып отыр. Білім саласы жақсы дамыған, білім беру стандарттары жүйелі түрде жүзеге асып келе жатқан Павлодар облысындағы 387 мектептің 281-і, яғни 73 пайызы шағын жинақталған мектептер. Онда 16 мыңнан астам балалар оқиды. Жалпы, шағын мектептердің 247-сі ауылды жерлерде орналасқан. Өкінішке қарай, кезінде тұрғындардың Германияға, көршілес Ресейге көшіп кетуіне байланысты мектептердегі бала саны күрт азайған және ол үрдіс әлі де жалғасуда. Осы өңірдің Ақтоғай, Май аудандарында сыйымдылығы 420, 600, 800 орындық мектептерде балалардың саны 2-3 есеге аз»,-деп тоқталды депутат.

Осы орайда Ә. Бектаев дәл осындай жағдай Ресеймен, Қытаймен шекаралас орналасқан облыстардың барлығында орын алып отырғандығын атап өтті. Қазақстандағы 7 100 орта білім беру мекемелерінің 3 036-сы шағын жинақталған мектептер және онда 206 мың бала оқиды.

«Олардың 70 пайызы шекараға жақын ауылдарда орналасқан. Бұл мектептердің ең үлкен проблемасы - ұстаздардың тұрақтамауы. Педагогикалық жүктемелердің аздығынан мұғалімдердің жалақысы өте төмен. Айына 40-50 мың теңгеге де жетпейді. Ал ұстаздардың үстеме сағатын көбейту мақсатында оларға ұқсас пәндерден қосымша сабақ беру заң жүзінде қаралмаған. Айлығы төмен, оның үстіне әлеуметтік мәселелері шешілмеген мұғалімдер жиі ауысады. Кейбір мектептерде ұстаздардың жетіспеушілігі оқушылардың білім сапасына кері әсерін тиігізіп, көптеген отбасылардың көшіп кетуіне себепші болуда. Бұл өз кезегінде онсыз да тұралап тұрған ауыл мектептерінің жабылуына әкеліп соғуда. Ал мектептердің жабылуы ауылдың жойылуына алып келетіні айдан анық»,-деп түсіндірді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, шекара аумағында орналасқан 1 282 ауылдық елді мекендердің 360-ында мүлдем мектеп жоқ. Өкінішке қарай, тек былтырғы оқу жылының өзінде 84 шағын жинақталған мектептер жабылып қалған.

«Осы уақытқа дейін Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында барлығы 530 ауылдық елді мекендер қысқарып кеткен. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, қазіргі демографиялық дисбаланс сақталған жағдайда, 2050 жылға қарай солтүстік өңірлердегі халықтың саны 1 млн. адамға азаятыны белгілі болып отыр»,-деді ол.

Осы орайда жоғарыда аталған мәселелердің өте үлкен экономикалық, әлеуметтік және саяси маңыздылығын ескере отырып, шекарада орналасқан ауылдардың жағдайын, ондағы шағын жинақталған мектептердің проблемасын шешуді қамтитын арнайы бағдарлама қабылдау ұсынылды.

Депутат шағын жинақталған мектептерде ұстаздардың жалақысын көтеру мәселесіне тоқтала келе, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының талаптарын қайта қарап, шалғайдағы және шекарадағы ауылдарға баратын мамандарға қосымша әлеуметтік қолдау және ынталандыру шараларын қарастыру қажеттігін атап өтті.

«Еліміздің ішкі көші-қонын реттейтін арнайы бағдарламалардың талаптарын өзгерте отырып, оңтүстік өңірлерден көп балалы отбасыларды ұлтына қарамай, солтүстіктегі шалғай және шекара бойында орналасқан ауылдарда жаңа үйлер салып, жұмыспен қамту шараларын қарастырып, мақсатты түрде қоныстандыру мүмкіндіктерін қамтуды ұсынамыз. Мұнымен қоса, көршілес Ресей, Қытай мен Моңғолияның Қазақстанға жақын орналасқан облыстары мен аймақтарындағы қандастарымызды табиғаты мен климаты, жер жағдайы ұқсас еліміздің солтүстік-шығыс бөлігіндегі елді мекендерге шақырып, қоныстандырудың мақсатты шараларын қарастыруды ұсынбақпыз. Жоғарыда айтылған мәселелер қосымша қаражат қарастырып, біршама әлеуметтік проблемаларды шешуді талап ететіні рас. Дегенмен бұл шаралар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен іске асқалы отырған «Туған жер» жобасының негізгі мақсаттарына толық сай келетіні даусыз»-деп атап өтті сенатор. 

Соңғы жаңалықтар