Ресей президенті сайлауының алдын ала нәтижелері белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей Федерациясының іс басындағы президенті Владимир Путин сайлаудың бірінші кезеңінде 73,9% дауыс жинап, жеңіске жетті. Сайлауда дауыс беріп шығып келе жатқан сайлаушылар арасында сауалнама жүргізген Бүкілресейлік қоғам пікірін зерттеу орталығының (БҚПЗО) өкілдері бүгін осындай мәліметтерді жария етті, деп хабарлайды ТАСС.

«БҚПЗО экзитполының нəтижесі бойынша, бірінші кезеңде Ресей Федерациясының президенті лауазымына Владимир Путин (73,9% дауыс) сайланған»,-делінген  агенттік мәліметтерінде.

2012 жылы өткен сайлауда Путин сайлаушыларың 63,60% даусын жинаған.

Сауалнама мәліметтері бойынша, екінші орында КПРФ атынан сайлауға түскен кандидат-бизнесмен Павел Грудинин (11,2%) тұр. Үшінші орында ЛДПР көшбасшысы Владимир Жириновский (6,7%) орналасқан.

«Одан кейінгі кандидаттардың жинаған дауыстары шағын: Ксения Собчак - 2,5%, Григорий Явлинский - 1,6%, Борис Титов - 1,1%, Сергей Бабурин - 1,0%, Максим Сурайкин - 0,8%», -делінген БҚПЗО таратқан ақпаратта.

Санауға жатпайтын бюллетеньдердің саны 1,2% екені айтылады.

Сауалнамаға барлығы 162 мың 601 адам қамтылған. Қойылған сауалдарға респонденттердің 62,8% жауап берген, 37,2%-і жауап беруден бас тартқан.

Соңғы жаңалықтар