Рақымшылыққа іліккен ақтөбелік заңсыз қару сақтаған

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, экстремизмге қарсы күрес басқармалары бұрын бірнеше рет  сотталған, жат ағым жетегінде жүрген күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірнеше рет бұзақылық жасап, заңсыз қару сақтаған күдікті ұсталды. Ол адам өлтірген, үш рет сотталған және дәстүрлі емес діни ағымды ұстанады. Күдіктінің ресейлік нөмерлі «Рэндж-Ровер» маркалы автокөлігінен 3 аңшы қаруы табылып, тәркіленді. Мәртөк ауданындағы тұрғылықты жерін тінту барысында кесілген ұңғы табылды. Сонымен қатар, 1965 жылғы Өзбекстан азаматы, 1974 жылғы Ақтөбе қаласының тұрғынын құлдықта ұстағандығы дәлелденді. Осы деректер бойынша Қылмыстық кодекстің «Қаруды заңсыз жасау», «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру», «Бас бостандығынан заңсыз айыру», «Тонау» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деп ақпарат таратты облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, күдікті өткен жылдың қараша айында «Макаров» тапаншасын сақтап, ұстағаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Кейін ол Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай рақымшылыққа ілікті. 

«Күдікті тағы да ауыр қылмыс жасап, азаматтар мен мекемелерге шабуыл жасау үшін қару дайындаған»,- деді облыстық ІІД баспасөз хатшысы Нұргүл Қонақбаева.

Деректерге сүйенсек, облыстық  ІІД-нің қызметкерлері дәстүрлі емес діни ағым өкілдерінен барлығы 6 бірлік қаруы және жарылғыш зат, 2 тапанша тәркілеген. 

Соңғы жаңалықтар