Проблемалық тұрғын үйлердің мәселесі қалай шешіліп жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда үлескерлік құрылысқа қатысты жаңа заңнама қабылданса да, проблемалық тұрғын үйлер әлі де бар. Себебі ол нысандардың құрылысын аяқтау үшін қосымша қаржы қажет. Мемлекет тағы көмек берсе, ақшаның буына мас болып кететіндер қайтадан көбейіп кете ме деген қауіп бар. Инвесторлар да біреудің шығындарын өтеуге асықпайды. Сөйтіп, «ары тартса арба сынады, бері тартса өгіз өледінің» кері келіп тұрғаны. Дегенмен, астаналық үлескерлер тығырықтан шығу жолын тапқан сияқты. Ал жергілікті билік органдары барлық құжаттарды жаңа заңмен реттеп отыруға даяр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азбука жильяның» үлескерлері инвесторды қалай тартты?

Атышулы «Азбука жилья» компаниясының алаяқтығы жайында естімеген адам жоқ шығар. Төрт жылдың ішінде үлескерлердің 40 млрд. теңгеден астам қаржысы ұрланды. Ал директор Ерқанат Тайжанның өзі Австрияға қашып кеткен еді. Содан бері екі жыл да өтті. Компанияға тиесілі мүлік - жер учаскелері, құрылыс нысандары мен техника сот арқылы тәркіленіп, тұрғын үй - құрылыс кооперативтеріне таратылды. Алайда онымен үлескерлердің проблемасы шешілген жоқ. Себебі құрылыс нысандарын аяқтау үшін қосымша қаржы қажет. Инвесторлар да шығыны көп нысандарға қызықпайды. Өйткені кейбір тұрғын үйлерде жерге қағылған бағанадан басқа ештеңе болмады. Дегенмен, бағанадан басқа ештеңесі болмаған осы іспетті нысандарды да құтқаруға болады екен. Мәселен, «Expo Town» тұрғын үй кешенінің үлескерлері үйдің атауын «Венский кварталға» ауыстырып, бүгінде инвестордың көмегімен нысанның екі блогын аяқтауға жақындап қалды. «Былтыр тамыз айында сот шешіміне сәйкес, «Expo Town» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің (үлескерлер тобы - авт.) атына аударылды. Бастапқыда ол жерде қағылған бағаналардан басқа ештеңе болмады. Бүгінде бірінші екі блоктың құрылысы аяқталуға жақын. Шыны керек, алғашқыда адамдар не істерін білмеді. Алайда мәселені шешудің жолын тапты. Олар жобаны өзгертті. Бірінші жобада 892 пәтер болса, қазір пәтерлердің санын 1395-ке дейін жеткізді. Сөйтіп, тағы бірнеше қабатты қосу арқылы қосымша қаржыны тартты», - дейді Астана қаласы прокуратурасының қызметкері Темірлан Әділxанов.

Оның айтуынша, осы іспетті мысалдар проблемалық тұрғын үйлер мәселесін шешуге болатынын көрсетіп отыр. Сондықтан инвесторлар еш қорықпай, өз қаржысын сала алады. Шыны керек, «Expo Town» тұрғын үйін салу жұмыстары осылай шешіледі деп ешкім ойламаған. Оларда төрт қабатты үйлер болды. Қазір бесінші және алтыншы қабатты қосып, тағы 500-ден астам жаңа пәтерді салайын деп жатыр. Соның арқасында инвестор үлескерлердің ұрланған ақшасын өтей алады.

Астана әкімдігі тың жобаны қолға алды

Әрине, барлық проблемалық нысандарға қосымша қабат қосып, онымен барлық шығындарды өтей алмайтынымыз да белгілі. Себебі алғашқы жобада бірден көпқабатты үйлер ретінде көрсетіліп, ақшасы ұрланған құрылыстар жоқ емес. Дегенмен, проблемалық нысандарды алған инвесторларға жобаны өз ыңғайына қарай өзгертуге рұқсат беріледі. Ол қосымша қабат қоса ма, жер учаскесіне тағы бір блок сала ма, бәлкім, жерасты паркингті кеңейтеді, соның барлығын жасауға болады. Ең бастысы, үлескерлер ақша салған пәтерлердің ауданы азаймауы шарт. Демек, бүгінде проблемалық нысандардың мәселесін шешуге мүмкіндік бар. Содан болар, Астана әкімдігі тыңнан түрен салып, жаңа бір бастаманы қолға алып жатыр.

Жақында «Астанабасжоспар» мекемесінде алғаш рет проблемалық тұрғын үйлердің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Негізгі мақсат - құрылысы бітпей жатқан нысандарға инвесторларды тарту. Жәрмеңкеге 70-тен астам құрылыс компаниясы қатысуға ниет білдірді. Оларға «Араби-2», «Скай сити», «Алға самал», «Байтау», «Столичный-2», «Үміт береке», «Әзірет Астана», «Жайлау сити» және «Табыс құрылтай» сияқты тоғыз проблемалық тұрғын үй таныстырылды. Бейнематериалдар арқылы әрбір нысанның бос алаңдары, жер телімдері, жобалардың нобайлары мен теxникалық сызба-нұсқалары жан-жақты көрсетілді.

Бүгінде аталған тұрғын үйлер бойынша 2 мыңнан астам отбасы өз баспанасын күтіп жүр. «Осы шарада кәсіпкерлер проблемалық тұрғын үйлерді таңдап, құрылысын аяқтауға атсалыса алады. Сөйтіп, үлескерлерді баспанамен қамтамасыз етеді де, артық шаршы метрлерден өз пайдасын көрсе болады. Жергілікті билік өз тарапынан құжат жағынан көмек беруге әзір. Жәрмеңкеге шығарылып отырған нысандарға үлескерлік құрылыс туралы жаңа заңнама қолданылатын болады. Сондықтан рұқсат қағаздарының барлығы жаңа заң бойынша беріледі», - дейді Астана қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бастығының орынбасары Дәулет Рысқұлов.

Жаңа заңның талаптары қандай?

Өткен жылы қабылданған заңнамаға сәйкес, коммерциялық тұрғын үйлер саласындағы үлескерлердің ақшасы жаңа шарттар бойынша тартылуы қажет. Ол ақшаны жұмсаудың нақты үш тетігі бар. Бірінші тәсілге сәйкес, құрылыс компаниясы Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорына тиісті жарнаны жасап, қордың кепілдігін ала алады. Бұл ретте, компанияның құрылыс саласында кем дегенде үш жылдық тәжірибесі, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалаларда 18 мың шаршы метр үй салды деген көрсеткіші болуы қажет. Бұдан бөлек, соңғы екі жылда қаржылық шығындар тіркелмеуі тиіс. Үйдің құрылысы бітпей қалған жағдайда қор оның аяқталуына кепілдік беретін болады. Екінші тетікке сәйкес, құрылыс компаниясы екінші деңгейлі банктен несие алып, үйдің қаңқасын салып бітіреді. Осыдан кейін жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен үлескерлердің ақшасын жұмсай алады. Ал үшінші тәсіл бойынша компания тұрғын үйдің қаңқасын өз ақшасына сала алады. Содан барып үлескерлердің ақшасын игерсе болады. Бірақ онда да жергілікті биліктің рұқсаты қажет. Үлескерлер де құрылыс барысын бақылай алады

Жаңа заңда инжинирингтік компаниялардың қызметіне ерекше басымдық беріліп отыр. Себебі дәл осы компаниялар бітпей жатқан нысандарды анықтап, ақшаны тиімсіз жұмсау әрекеттерін әшкерелейді. Қаржыны мақсатсыз пайдалану әрекеттері анықталған жағдайда инжинирингтік компания үш күннің ішінде кепілдік беру қоры, банк пен жергілікті атқарушы органдарға хабар береді. Егер ол нысан бірінші тетік бойынша салынса, онда кепілдік қоры барлық міндеттемелерді өз мойнына алып, құрылыстың аяқталуына кепілдік береді. Ал қалған екі тәсілге сәйкес, екінші деңгейлі банктер мен әкімдіктер тиісті шешімдерді қабылдайды. Бұдан бөлек, құрылыс компаниялары өз сайттарында салынып жатқан нысандар туралы барлық ақпаратты жариялап, фотоесеп беріп отыруы шарт. Сосын жаңа заң бойынша құрылыс компаниясы бір ғана нысанмен айналысуы тиіс. Соның арқасында үлескерлердің қаржысын бір нысаннан екінші нысанға құйып, ақшаны мақсатсыз жұмсау әрекеттеріне жол берілмеуі тиіс.

«Қазіргі кезде республика бойынша үлескерлердің қаржысы салынған 121 нысан бар. Соның ішінде 62 нысанның құрылысы шілденің 1-іне дейін аяқталуы қажет. Астанада 52 проблемалық тұрғын үй бар. Енді, кезінде үлескерлер мәселесі үлкен проблемаға айналған жоқ па? Сол кезде бюджеттен 450 млрд. теңге бөлініп, 63 мыңнан астам үлескерлердің мәселесі шешілген еді. Бертін келе, тағы мыңдаған үлескерлердің ақшасы ұрланды. Қазір олардың мәселесі біртіндеп шешіліп жатыр. Меніңше, ондай жағдайлар қайталанбайды. Оған жаңа заң жол бермеуі керек», - дейді құрылыс, тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов.

Соңғы жаңалықтар