Президент жүлдесі үшін бәйге жарысының жеңімпаздары анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың «Қазанат» ипподромында ҚР Президентінің жүлдесі үшін бәйге жарыстары аяқталды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

Шара Атырау облысының күндері және ЭКСПО-2017 көрмесінің өтуіне байланысты ұйымдастырылды. Шабандоздар бәйгенің үш түрі бойынша жарысқа түсті: жорға жарыс, құнан бәйге және аламан бәйге.

Ат жарысына Қазақстанның барлық аймақтарынан 50-ге жуық шабандоз қатысты. Бәйгенің жүлде қоры да қомақты - 51 млн.теңге. Бұл сыйлықты 5 орынға дейін ат иелері өзара бөлісті.

Ақшалай жүлдеден бөлек, жеңімпаздарға Атырау облысының әкімдігі мен ұйымдастыру комитетінің арнайы сыйлығы табысталды. Сондай-ақ, жамбы ату, қыз қуу, садақ ату секілді ұлттық ойындардан көрініс көрсетіліп, ауқымды мәдени-ойын-сауық бағдарламасы ұсынылды.

Аламан бәйгеде алматылық Дияс Жұмаштың тұлпары 21 шақырымды сүрінбей бағындырып, топ жарды. Бірінші орын үшін оған ұйымдастырушылар 13 млн.теңгенің сертификатын табыстады.

Құнан бәйгеде (7 шақырым) мәреге Ділмұхамед Жолаушының арғымағы бірінші келіп, 7 миллион теңгені қанжығалады.

Жорғалар ішінде (5 шақырым) Айхан Төлегеновтің аты шашасына шаң жұқтырмады. Оған 3 миллион теңге табысталды.

«Біз үшін бұл үлкен жеңіс. Осыған жету үшін көп дайындалдық. Бірақ бүгін барлығы ойдағыдай болып, арманым орындалды. Менің туғандарыма, әкеме алғысым шексіз», - деп аламан бәйге жеңімпазы Дияс Жұмаш өзінің қуанышымен елорда әкімдігінің медиа орталық тілшілерімен бөлісті.

Қатысушыларды жеңісімен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев құттықтады.

Соңғы жаңалықтар