Президент мектептер мен балабақшаларды уақытылы қолданысқа беруді тапсырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысының Бурабай кентінде өткен мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналған кеңесте Астана қаласының мектептері мен балабақшаларындағы орын тапшылығына назар аудартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұрсұлтан Назарбаев облыстардың, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің баяндамалары мен есептерін тыңдап, отырысты қорытындылады. Сонымен қатар, елімізді және өңірлерді дамыту бағдарламаларын іске асыру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасын орындау тұрғысынан облыстардағы автомобиль жолдары мен әлеуметтік нысандар құрылысының қарқыны төмен екенін атап өтті.

«Биыл 109 білім беру нысаны құрылысына 70 миллиард теңге бөлініп, оның 70-сін осы жылы пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінде тек 7 мектеп пен 2 балабақша пайдалануға берілді. Жоспарланған білім беру нысандарының көп бөлігі Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарына тиесілі. Үкімет пен өңірлердің әкімдеріне жоспарланған барлық нысандарды уақытылы қолданысқа енгізу үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырамын», - деді Қазақстан Президенті.

Елбасы «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша тұрғындардың көп бөлігінің хабарсыз екенін және оған банктердің қатысу белсенділігінің төмендігін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының іске асырылуының аралық қорытындысын жасады, сондай-ақ экономикамызды цифрландырып, өндіріске жаңа технологияларды енгізу қажеттігін атап өтті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытудың маңыздылығына назар аударып, экспорттық стратегияны уақтылы іске асыру қажет екенін айтты.

«Индустрияландыру аясындағы басты мәселе - инвестиция тарту. Инвесторлар әлі де әкімшілік кедергілерге тап болуда. Әкімдер өңірлердегі өз жұмыстарын қайта қарап, белсенді қимылдауға тиіс», - деді Қазақстан Президенті.

Елбасы инвесторлар тартуда Жекешелендіру жоспарын іске асырудың тиімді екенін айтып, Қазақстанның ірі компанияларын мемлекетке мейлінше пайда түсірмейінше, акцияларын асығыстықпен сатпауға шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев жұмыспен қамту бағдарламасының тиімділігін арттыру қажеттігіне назар аударып, әкімдерге өңірлерде тұрақты жұмыс орындарын ашу жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы биыл жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 37 миллиард теңге бөлінгеніне қарамастан, шағын несие беру жұмыстарының баяу жүргізіліп отырғанын атап өтті.

Қазақстан Президенті Үкімет пен әкімдерге ахуалды терең зерттеп, агрохолдингтердің қарызына байланысты мәселелерді шешу жөнінде нақты шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды.

Елбасы егін шаруашылығын сақтандыруды одан әрі дамыту, соның ішінде өзара сақтандыру қоғамдарының жұмысын реттеу жөнінде шаралар қабылдаудың маңыздылығын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мәселесіне ерекше тоқталып, онда көрсетілген барлық міндеттің жалпымемлекеттік маңызы бар екенін атап өтті.

«Қоғамымыз жаңғырудың бұл бағытын жылы қабылдады. Бұл ретте, осы жұмыстарға барша жұртты тарту қажет. Әкімдер бағдарламаның іске асырылуына жауапты екенін ұмытпауы керек», - деді Қазақстан Президенті.

 

Соңғы жаңалықтар