Пресс-релизді сол күйінде оқып беретін журналист ешқашан өспейді - Бейбіткүл Дуанбекова

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақ телевизиясының 60 жылдығы отандық журналистика саласының тарихын парақтап, өткеніміз бен бүгінімізді салыстыруға жақсы мүмкіндік болып отыр. 60 жылдықты атап өткенде саналы ғұмырының жартысын осы салаға арнаған мамандардың тарихи естеліктері осыған дәлел болса керек. 

ҚазАқпараттың бүгінгі қонағын Қазақстан Журналистер одағының лауреаты, Мәдениет қайраткері Бейбіткүл Дуанбекова 30 жылын телеарнаның жаңалықтар қызметіне арнаған. Агенттік тілшісіне берген сұхбатында ардагер журналист өмірінің 30 жылы қазақ телевизиясымен қалай бірге өрілгенін айтып берді.

Бейбіткүл Сатыбалдықызы, телеарна жұмысына қалай, қашан кірістіңіз?

- Мен өзімнің осындай құдіретті салада 30 жылға жуық еңбек еткенімді әрдайым мақтанышпен айта аламын. 1983 жылы Қазақ телевизиясына қызметке келдім. Мені Камал Сейітжанұлы Смаилов ағамыз жұмысқа қабылдады. Жаңалықтар бөліміне администратор болып орналастынымды айтты. Сол кездегі жастықтың әсері болар, «Камал Сейітжанұлы, мен администратор емес, редактор болғым келеді», дедім бірден. Камал ағайдың өзіне ғана тән әдемі бір жымиысы бар еді: «Бейбіткүл, сен осы салада тұрақты еңбек етемін десең, ең алдымен телевизияның «ішкі кухниясынан» бастауың керек. Біз, бәріміз де осы жолдан өткенбіз», - деді.

Сонымен, сол кездегі «Қазақстан информациялық программасы» деп аталатын жаңалықтар қызметіндегі администраторлық жұмысымды істеп, редакторлардың қалай жұмыс істейтінін, қалай эфирге материалдар беретінін сырттай бақылып жүрдім. Көп ұзамай жаңалықтар редакциясының бөлім меңгерушісі Жаңабек Тоқпанов ағай шақырып алып, ««КазГу»-дың журналистика факультетін бітіріпсің, екі жылдай «Жалын» баспасында редактор болыпсың. Енді осылай жүре бермексің бе? Қазір В.Антоновпен сьемкаға барасың» - деді. Қатты толқыдым. Ең алғашқы сюжетім әлі есімде. Орыс редакциясының редакторы, әбден төселген тәжірибелі тележурналист В.Антонов, оператор, жарық түсіруші бәріміз сол кездегі пластмасса өңдеу кәсіпорнына бардық. Мәтінін жазып алдымен Жаңабек ағайға көрсеттім. Ол кісі мәтінді оқығанда тізем дірілдеп, көңілім алып-ұшып тұрды. Не дер екен деген сұрақ тынышымды қашырды. Сол кезде «Сен дап-дайын тұрған редакторсың ғой. Бұрыннан істеп келе жатқандай тып-тиянақты, қысқа да нұсқа, тоқ етерін жазыпсың, жарайсың» -деді.
null

Осылайша редакторлық қызметім басталып кетті. Мен сол кездегі ортаға өте ризамын. Тәжірибелі журналистер Молдабек Шолпанбаев, Сағидолла Дәулетқалиев, Ержан Уайыстар жылы сөздерін айтып, білмегеніңді үйретуге әзір тұратын. Содан кейін, 1985 жылы әр сенбі сайын 5 минут мәдениет жаңалықтарын әзірлеп эфирде жүргізу маған тапсырылды. Орыс тіліндегі шығарылымын тәжірибелі журналист Ф.Перзадаева әзірлейтін. Ол кездегі еліміздің мәдени өмірі елеулі оқиғаларға толы еді.

Өркениетті елдермен терезесін теңестіріп, дамудың жарқын жолына түскен тәуелсіз еліміздің бүгінгі ақпарат әлемін 1980-90-тіпті 2000-шы жылдармен салыстыру мүмкін емес. Бірақ сол кездегі техникалық мүмкіндіктің шектеулілігіне қарамастан ел өміріндегі елеулі оқиғаларды көрермендерге дер мезгілінде жеткізіп отырдық. Бір сюжет әзірлеу үшін салмағы зіл батпан камерамен оператор, дыбыс режиссері, жарық берушімен барлығы 5-6 адам бірге шығатынбыз. Жарық беретін аппаратты қостыру үшін алдын-ала сол мекеменің рұқсатын алу қажет. Ол тіпті қиынның қиыны еді. Сол кездегі «Қазақтелефильм» орналасқан ғимаратта кадрден тыс мәтінді оқып, жазғызып, монтаждайтын столға келгенше асығатынбыз. Оператор түсірген бейне мен өз алдына бөлек жазылған «СНХ»-ның дыбысының үндеспей қалып жататын кездері де болатын. Ал, монтажда пленкалар кесіліп, тазаланып, қайта жалғанатын, желімдеу (склейка) арқылы жасалатын. Біз ол кезде мұның бәрін қиындық деп санаған жоқпыз. Өйткені, жұмыс процессі солай қалыптасқан. Осындай жағдайда жұмыс істей жүріп кейде бір күнгі жаңалықтарға кемінде екі-үш сюжет әзірлейтінбіз.

Республикамыздың түкпір-түкпіріне іссапарға барып жаңалықтар қоржынын арқалап келетінбіз. Іссапарға шыққан журналистке кемінде 10-15 сюжет түсіріп келу жүктелетін. Ол кезде, телетайп лентасынан алынатын ресми жаңалықтар алдымен орыс тілінде түсетін. Эфирге үлгеру үшін оның қазақ тіліндегі нұсқасын күтіп отырмайтынбыз. Сол күнгі кезекші редактор қолма-қол қазақ тіліне аударатын. Сол кездегі жаңалықтарда істеген кез келген журналист бесаспап болатын. Ол экономика, ауыл шаруашылығы, ғылым, білім т.б салалардың қай қайсысынан болсын жедел материал әзірлей білетін. Мен ірі-ірі хабар жасайтын әріптестеріме: «сендердің 40 минут бойы айтатындарыңды біз 1-1,5 минутта ғана жеткізе аламыз» - деп, әзілдейтінмін. Өйткені ол ақпарат жанрының құдіреті.
null

-1990 жылдардың басында Кеңес одағы тарап, дүние саяси оқиғаларға толы еді. Осы бір кезең Жаңалықтар қызметінің бақылауынан тыс қалуы мүмкін емес. Қайнаған ақпараттың ортасында жүрдіңіз. Бір оқиғаны еске түсе кетсеңіз...

-1992 жылы қарулы топ пен билік арасындағы қақтығыстың салдарынан келеңсіз жағдай орын алған Тәжікстанға Қазақстан тарапынан жіберілген гуманитарлық көмектің жеткізілуін қадағалау қажет болатын. Осы мақсатта арнайы құрылған Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік коммисияның, Сыртқы істер министрлігі «ТМД елдері жөніндегі басқарманың, «Қазақ нан өнімдері» ацционерлік концерні мен Қызыл жарты ай және Қызыл крест қоғамы ұлттық комитетінің өкілдерімен бірге тәжік еліне іссапармен барып қайттық. Осы сапардан әзірлеген 8 репортажым қазіргі тілмен айтқанда «сенсация» болды десем артық айтпаған болар едім. Сол кездегі Телерадио комитетінің төрағасы, жазушы Шерхан Мұртаза кезекті лездемеде «Осында Әлия мен Мәншүктен кейінгі батыр қызымыз Бейбіткүл Сатыбалдықызы бар ма?» - деп сұрапты. Ақпарттың тілшілері ол кезде лездемеге қатысатын уақыт таба алмайтын. «Жоқ болса, менің алғысымды жеткізіңдер» - деген екен. Содан не керек, біздің шағын редакциямызға Шерағадай тұлғаның сәлемін жеткізушілер сүйіншеп келіп келетін. Көп ұзамай Қазақстан Журналистер Одағынан хабарласып, репортаждарымның мәтінін сұратып, Одақтың Совет Мазғұтов атындағы сыйлығына ұсынатындарын айтты.

-Мұндай репортаждарды жиі жасайтын ба едіңіз?

- «Бірде Тыныс Өтебаев ағамыз Бейбіткүл, Германияға барасың ба?» -деп сұрады. Бастапқыда әзілдеп тұрған болар деп ойладым. «Әрине барамын», дедім. Онда тез жинал Қазақстан әуе жолы компаниясына барып, баспасөз конференияларын түсіріп, эфирге әзірлеп бер де, жолға жинал деді. Сондағы біздің мақсатымыз Германияның Майндағы Франкфурт қаласына Қазақстан әуе жолы арқылы Бойнг 747 ұшағының рейсі ашылғанын хабарлау екен. Әріптестеріме іс-сапарға Германияға кетіп бара жатқанымды айттым. Ұшақта 10-15 тей ғана адам болдық. Бізбен бірге Мұстафа Өзтүрік те болды. Әуежайда бір сағаттай болдық. Қазақстан әуе жолы компаниясының сол елдегі ресми өкілінен сұхбат алдым. Ойламаған жерден белгілі қылқалам шебері Бексейіт Түлкиевті кездестірдік.

Ол таэквандодан жарысқа қатыстырған спортшыларымен бірге Америкадан келген беті екен. Сәті түскенде ол кісіден де сұхбат алдым. Бас аяғы 15 сағат ішінде Алматыға қайтып келдік. Редакцияға келсем, әріптестерім сен Германияға кеткен жоқ па едің деп таңқалысты. Мен біз ол жерге барып қайттық десем ешкімнің сенгісі жоқ. Материал эфирден өткен соң олардың сенбеске шарасы қалмады. Міне, осындай да қызықты оқиға болған.
null

Кейіннен жаңалықтар қызметі еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін жаңа заман талабына сай «Қазақстан», «Шарайна» «Ақшам» ақпаратты бағдарламасы болып өзгерді. Аты ғана өзгерген жоқ, техникалық мүмкіндігіміз жақсарды. Эфирге материал ұйымдастыру мен беру тәсілі де өзгеріп отырды. Жаңалықтар қызметі Астанаға толық көшірілген соң таңертеңгілік «Шапағат», «Шамшырақ» ақпаратты бағдарламасында редактор, жүргізуші болып қызмет атқардым. Журналист Ассы Байбатшаның ұсынысымен «Алатау» ұлттық арнасында «Замана» ой-толғау студиясында редактор әрі жүргізуші болдым. 2005-2013 жылдар аралығында Ұлттық арнаның аймақтық хабар тарату бөлімінде жетекші, бас маман қызметін атқарып арнаның 13 облыстық және Семей қалалық филиалдарының жұмыстарын қадағалап және хабарларына сараптама жасап, қолымнан келгенше бағыт-бағдар беріп отырдым. Облыстық филиалдардағы әріптестеріміздің де осы Ұлттық арнамыздың өнегелі мектебінен мол тәжірибе алғанын да сөз реті келгенде айта кеткім келеді.

-Өзіңіз қызмет еткен кезеңмен бүгінгі жарналистика мамандығына қатысты қандай пікір айтар едіңіз?

-Ел Тәуелсіздігінің арайлап атқан ақ таңымен бірге оралған тұңғыш Наурыз мейрамы, ұлттық теңгеміздің қолданысқа енуі, астанамыздың Астана атануы тағы басқада көптеген тарихи оқиғалар дер мезгілінде, дәл сол күні көрерменге осы ақпарат бағдарламасы жеткізіліп отырды. Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайында шетелдерден келген қандастарды атамекеніне табандары тиісімен, ұшақтан қарсы алдық. Құрылтай жұмысы аяқталып, оларды шығарып салғанға дейінгі аралықты осы ақпараттар бағдарламасы қамтып отырды. Ол хабар қазір Ұлттық арнаның бейнеқорында сақтаулы. Мұнан бөлек Қазақстанның Иран Ислам республикасындағы өнері мен мәдениетінің күндерінен арнайы хабар әзірледім. Қазақ телевиясының 60 жылдық мерейтойына орай өзімнің жеке бейнеқорымды қарап отырып дәл осы хабардың көшірмесін тауып алдым. Иранға елімізден белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, ақын, жазушылар, өнер майталмандары барлығы 10-ге жуық делегация барған екен. Оларды сол кездегі мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиев бастап барды. Осы сапардан күнделікті репортаждардан бөлек 20 минуттық арнайы хабар ішінде қаншама тарихи оқиғаны қамтығанбыз, деп өзіме іштей риза болдым. Осы хабарды таяуда өзім тынбай еткен сүйікті Ұттық арнамыздың бейнеқорына тапсыруды жөн көрдім.
null

Көрерменді ақпаратпен қамтитын тележурналист баспасөз қызметі дайындаған мәліметті күтіп отырмай өз бетінше де көп ізденуі керек. Қазір дайын пресс-релизді үтір, нүктесіне дейін қалдырмай сол күйінде оқып беріп, сюжет әзірледім дейтіндер де бар. Ондай журналист белгілі бір шеңберден шыға алмай іркілісте қалады. Сондықтан, сөз болатын оқиғаға, немесе белгілі бір іс-шараға байланысты журналистің өзінің де алып қосары, өз пікірі, көзқарасын білдіретіндей мәтін жазылуы керек. Сонда ғана ақпарат бағдарламасындағы тілшінің жұмысы, қарым-қабілеті көрінетін болады.

Телевизия саласының аға буын, орта буын, бүгінде тынбай еңбектеніп жүрген жас буын өкілдерін, телеарнаның бар жаңалығын қалт жібермей қадағалап отыратын барша көрерменді 60 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Ұлттық арнамыз -ұлтымыздың мақтанышы, жақсылықтың жаршысы, еліміздің тынысы болып әрдайым жарқырай берсін!

-Сұхбат бергеніңізге рахмет.

nullnullnullnull

Соңғы жаңалықтар