Премьер-Министрге Түркістанды дамыту жоспары таныстырылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан облысына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат PrimeMinister.kz сайтына сілтеме жасап.

Үкімет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының, сондай-ақ АӨК-ні дамыту және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларының, «Нұрлы Жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының, өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының іске асырылу барысымен танысады деп күтілуде.

Бақытжан Сағынтаевтың ОҚО-ға жұмыс сапары Түркістан қаласынан бастау алды. Онда өнімдері облыстың барлық аудандарына жеткізілетін «Яссы нан» нан зауытында болып қайтты.

Кәсіпорынды аралау барысында «Ақ жол» ЖШС басқарушы компаниясының басшысы Сабыр Атаев Премьер-Министрге өндірістік цехтарды көрсетіп, зауыттың қазіргі қызметі мен оны жаңғырту келешегі туралы айтып берді.

«Ақ жол» ЖШС кәсіпорны нан-тоқаш және шұжық өнімдерін шығарумен айналысады. Мұнда 2016 жылы - 288 млн теңгеге, 2017 жылдың сегіз айында  839 млн теңгеге өнім өндірілді. Компания шағын және орта бизнес пен жаппай кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсетудің жарқын мысалы.

Бұдан кейін Бақытжан Сағынтаев Түркістанның бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым нысандарында болып қайтты, солардың ішінде Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті (ХҚТУ) де бар. Онда университет ректоры Уәлихан Әбдібеков оқу орнының инфрақұрылымын таныстырып, ЖОО-ның дамуы мен осында қолданылатын білім беру бағдарламалары туралы баяндады.

Бүгінде ХҚТУ-да 1 мыңнан астам оқытушы жұмыс істейді, 105 мамандық бойынша шамамен 9 мың студент, соның ішінде 700-ден астам шетелдік жас білім алуда. Мұнда арнайы университеттік қалашық тұрғызылған.

Бұдан кейін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған «Отырар» шағын ауданына барды. Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев Үкімет басшысына құрылысы аяқталған үйлердің бірінде баспаналардың сапасын көрсетіп, қаланы дамытудың перспективалық-инфрақұрылымдық жоспарымен таныстырды. Онымен қоса, әкім «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру барысы туралы ақпарат берді.

Күннің екінші жартысында ҚР Премьер-Министрі жұмыс сапарын Шымкент қаласында жалғастырады, онда бірқатар кеңестер өткізіп, өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралайды.

Соңғы жаңалықтар