Премьер-Министр Қарағанды облысының жастарымен кездесті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында облыстың ЖОО мен колледждерінің студенттерімен, «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алушылармен, студенттер ұйымдарының көшбасшыларымен, ЖОО ректорларымен, колледждердің директорларымен кездесті. Бұл туралы primeminister.kz хабарлайды.

Кездесу барысында Мемлекет басшысының Жолдауларында, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» қарастырылған жаңа экономикаға мамандарды даярлау, білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастардың өмір сүру жағдайларын жақсарту мәселелері талқыланды.

Б. Сағынтаев кездесуді аша отырып, әр өңірге жұмыс сапарлары барысында міндетті түрде жұмыс істейтін жастармен және студенттермен кездесетінін айтып өтті. Қарағанды өңірінің студенттері әрқашан жаңа идеялар ұсынумен және зияткерлік құндылықтарымен ерекшеленеді.

Бақытжан Сағынтаев «Президенттің бес бастамасын» жүзеге асыру үшін Үкімет нақты іс-шараларды және іске асыру мерзімдерін қамтитын Жол картасын қабылдағанын айтты. Еліміздің барлық өңірлерінде әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға қатысты жұмыстар басталды. Алға қойылған тапсырмаларды орындау бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Б. Сағынтаев қазіргі кезде Үкімет еңбек нарығының инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова аталған жұмыс туралы толығырақ баяндады, білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» атты Президенттің үшінші бастамасын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімдеді, Қарағанды техника-құрылыс колледжінің директоры С. Балабекова колледжде әлеуметтік бастамаларды іске асыру мен инклюзивті білім берудің қолжетімділігі туралы айтып берді.

Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенті С. Норматов жаңа экономика жағдайында мамандарды даярлау үшін Worldskills International қозғалысының маңыздылығы туралы айтты. Қосарлы білім беру, өндірістік тәжірибеден өту, колледж түлектерінің жұмысқа орналасуы туралы Қарағанды кәсіптік-техникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері К.Тұрғамбек баяндады. Қарағанды техникалық университетінің 3 курс студенті Ж. Арғынбай «Серпін» жобасы аясында тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту мәселелері жөнінде сөйледі. Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің 2 курс студенті О. Калмыкова білім сапасын сақтандыру мәселелері туралы айтты.

Талқылау қорытындысын шығара отырып, Премьер-Министр осы саладағы бірқатар өзекті мәселелерге назар аударды. Б. Сағынтаев алдымен Мемлекет басшысының негізгі салалардың бәсекеге қабілеттігін арттыру арқылы экономикалық өсімнің жаңа моделін дамыту туралы жүктеген міндетін еске салды.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев шетелдік инвесторлардың өңірлерде салып жатқан жаңа кәсіпорындарына қажетті мамандарды дайындаудың маңыздылығына назар аударып, техникалық мамандықтарға деген сұранысты зерделеу үшін ЖОО-лар мен колледждерге осы өндірістердің ационерлерімен байланыс орнатуды тапсырды.

Премьер-Министр мысал ретінде мұнай-газ секторына мамандарды дайындайтын Атырау облысындағы колледждердің бірінің табысты тәжірибесін атап өтті. Осыған байланысты Б. Сағынтаев Қазақстанның барлық облысында осындай колледждерді ашу жөніндегі Үкіметтің шешімі туралы айтып берді.

Тақырыпты жалғастыра келе, Бақытжан Сағынтаев әрбір өңірде студенттерді дайындап жатқан техникалық мамандықтардың арақатынасы қажеттіліктерге сай келуі тиіс екенін атап өтті. Еңбек нарығын үнемі зерделеу қажет, студенттерге оқулары аяқталғаннан кейін жұмысқа орналасу үшін бос орындар туралы ақпарат беріп отыру керек.

Мәселені талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр министрлерге, облыс әкіміне барлық қозғалған мәселелерді бақылауға алуды тапсырды.

 

Анықтама: Еске сала кетейік, бүгін жұмыс сапары аясында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Қарағанды жоғары политехникалық колледжіне барып, ондағы жұмыспен танысты. Қарағанды жоғары политехникалық колледжі 1931 жылы құрылған. Қазіргі таңда колледжде 17 түрлі мамандықтар оқытылады. Бұдан өзге, ақпараттық қауіпсіздік, мобильді байланыс, мехатроника және газ шаруашылығы бағыттарын ашу көзделген. Басқа қалалардан келген студенттерге арналған 80 орындық екі қабатты жатақхана және 150 орындық «Жастар үйі» бар.

Соңғы жаңалықтар