Полиграф тексеруінен сүрінбей өткен 191 судья лауазымына кірісті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Полиграф тексеруінен сүрінбей өткен 191 судья лауазымына кірісті. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының іске асырылу барысына арналған баспасөз мәслихатында ҚР Жоғарғы соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біліктілігі жоғары судьялар корпусын қалыптастыру аса маңызды мәселелердің бірі болып қалуда. Судья лауазымына кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары мен оларды іріктеу тетіктері айтарлықтай күшейтілді. Олар үшін психологиялық тест пен полиграфпен тексеру енгізілді», - деді ол.

Оның айтуынша, судьялардың шекті жасы да 25-тен 30 жасқа жоғарылатылған. Судья лауазымына кандидаттар үшін заңгерлік мамандығы бойынша міндетті түрде 2 жыл жұмыс өтелі болуы тиіс.

«Ағымдағы жылы  жаңа ереже бойынша жергілікті соттардың судьясы лауазымына 191 кандидат іріктеп алынып, тағайындалды. Ендігі уақытта судьялар өздерінің біліктілігін жұмысқа кіріскен бірінші жылынан кейінгі 5 жыл сайын растап отыратын болады. Ағымдағы жылы 140 судьяның кәсіби қызметіне бағалау жүргізілді. 2016 жылы 1220 судья қызметі бағаланған болатын. Судьялар корпусының негізгі бөлігі өздерінің кәсіби құзіреттілігін дәлелдеп шықты», - деді Нұрсерік Шәріпов.

Соңғы жаңалықтар