Полицейлер жол апатынан жапа шеккен балалар үшін қан тапсырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат Алматыда полицейлер жол апатынан жапа шеккен балалар үшін қан тапсырды. Бұл шараға қалалық ІІД бөлімшелерінен 70 адам қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, құқық қорғау органдарының қызметкерлері жылда қайырымдылық шарасына қатысады.

«Біз өзгелерге үлгі болу үшін қан тапсырып жатырмыз. Бұл қайырымдылық шарасының арқасында мыңдаған тұрғынды аман алып қалуға болатын болса, қан өткізуде тұрған еш қиындық жоқ. Мен бұл әрекетімді мақтан тұтамын», - деді С. Әзірбек.

Оның айтуынша, жаз мезгілінде балалардың жол апатынан жарақаттану көрсеткіші арта түседі.

2016 жылдың 4 айында 320 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұлардың барлығында балалар жапа шеккен. Биылдың өзінде 4 ай ішінде 245 жағдай тіркелді.

Қалалық қан орталығының директоры Жандос Нәдіров  қоғамның назарын балалар жарақаты мәселесіне аудару маңызды екенін атап өтті.

«Бірінші кезекте қанға мұқтаж адамдар  ол күрделі онкологиялық аурулармен ауыратын балалар, босанғаннан кейінгі әйелдер, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер. Донор өз қанын бере отырып, қиын жағдайда қалған адамдарға көмектесе алады. Бірақ, жағдай өте ауыр болғанда ғана әрекет етіп, елімізде қан доноры күнінің жарияланғанын күту керек емес. Қанды кез-келген күні тапсырған тиімді, стратегиялық қорлар түрлі ауыр жағдайларда қолдану үшін дайын болуы қажет», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар