Полицейлер үйінде әл үстінде жатқан әжені құтқарып алды - СҚО

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының тәртіп сақшылары үйінде құлап қалып, қозғалуға шамасы келмей қалған 80 жастағы әжені құтқарып алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айыртау ауданының Саумалкөл ауылында 80 жастағы әже жалғыз тұрып жатқан. Қызы Беларусь еліне көшіп кеткен. Ауылдағы әженің бірнеше күн бойы көрінбей кеткенін аңғарған көршілері құқық қорғаушыларға хабар берген. Полиция қызметкерлері үйге бірден келіп, әженің әл үстінде жатқанын көріп, жедел жәрдем қызметін шақырған. Жедел әрекеттің нәтижесінде әже аман қалыпты.

Жағдайды естіген Беларусь еліндегі кейуананың қызы Наталья Смирнова СҚО ІІД-не алғыс хат жолдаған.

«Анамның жағдайы туралы бірден сол жақта тұратын ағама хабар берілді. Құтқарып қана қоймай, дәрігерлер анамды жылы сөзбен қолдапты. Менің анама көмек қолын созған барлық құқық қорғаушыларға зор алғысымды білдіремін», - деп жазған алғыс хатында Наталья Смирнова.

Соңғы жаңалықтар