Петропавлда түнгі клубта атысқа қатысқан екінші жігіт Астанада ұсталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 29 шілдеде Петропавлдағы түнгі клуб алдында атысып, кейін қашып кеткендердің бірін полиция қызметкерлері Астанадан ұстады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«10 тамызда Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері атыс қаруын қолданып бұзақылық жасады деген күдікпен ізделген Т.З. Бектасты Астана қаласында ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Жедел-тергеу тобы тергеу амалдары мен кешенді жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр. Бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу барысында жанжалдың себебі мен оның әрбір қатысушысының жанжалға қатысы бары анықталатын болады», - деп хабарлайды облыстық ІІД.

Қылмыстық істі тергеу барысын ІІД, облыс пен қала прокуратурасы бақылауына алған.

Еске сала кетсек, 29 шілде күні түнде Петропавл қаласындағы «Парк Сити» түнгі клубының алдында қару қолданылған төбелес тіркелгені хабарланған болатын. Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабымен іс қозғалған. Оқиғаға қатысты екі жігітке іздеу жарияланып, олардың біреуі (Қызылжар ауданының 20 жастағы тұрғыны) облысқа қарасты аудандардың бірінен табылған еді.

Соңғы жаңалықтар