Петропавлда көшедегі әйелдің алтын алқасын тартып алған ұры видеоға түсіп қалған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Петропавл қаласының құқық қорғаушылары көшеде кетіп бара жатқан әйелдің алтын алқасын тартып алған Шымкент қаласының 30 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Петропавл қаласының тұрғыны Батыр Баян көшесіндегі «Юбилейный» дүкенінің маңында белгісіз біреу алтын алқасын жұлып алып, қашып кеткендігін айтып полицияға шағымданған. Автобуста келе жатқан жәбірленуші ұрының өзін аңдығанын байқамай қалса керек.

Радиоэфир бойынша жедел басқарма орталығының кезекші инспекторларының хабарымен полицияның барлық кезекшілері осы жағдай бойынша құлақтандырылған. Бейнебақылау кезекшілігінің инспекторы, полицияның аға лейтенанты Гүлмира Даиршина вокзалға жақын маңда күдікті жас жігітті байқап қалады.

«Оның жүрген жеріне «Сұңқар-372» автопатрульінің кезекшілері бірден жетіп, 30 жастағы жігітті қолға түсірген. Кейін анықталғанындай, бұрын сотты болған Шымкент қаласының тұрғыны Ресейдің Омбы қаласына кетіп бара жатып, жолда ақша тауып қалуды ойласа керек. Алтын алқаны сатып жіберу үшін тартып алған», - деп хабарлайды СҚО ІІД-нен.

Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 191-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Соңғы жаңалықтар