Петропавлда хакер ұсталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Петропавл қаласының 25 жастағы тұрғыны арнайы GSM-құрылғымен ұялы операторлық қызмет көрсететін компанияның трафигін жымқырған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі СҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, биыл көктемде Петропавлдағы полицияға бір ұялы операторлық қызмет көрсететін компанияның өкілі арыз жазып, өз шағымында ұялы байланыстың трафиктері жымқырылғанын баян еткен. Болжамға сәйкес, ұрлықты техника мен бағдарламалаудың тілін білетін шебер жасаған. Содан бері ҚР ҚК 205-бабына (Ақпаратқа құқықсыз ену) сәйкес, хакерлерді іздеу жұмыстары басталған.

«Қалалық ІІБ-ның «К» бөлімі облыстық ІІД-нің мамандарымен бірлесе отырып, іздестіру шараларын жүргізген. Болжамға сәйкес, ұялы телефонның трафигі арнайы техникалық құрылғымен бақыланған. Полиция қызметкерлерінің іздеу амалдарының нәтижесінде Петропавлдағы үйлердің бірінен GSM-құрылғының бары анықталды. Дәл сол үйде ешқайда жұмыс істемейтін, жоғары білім бар 25 жастағы күдікті ұсталды», - делінген ІІД хабарламасында.

Тергеу амалдарының нәтижесінде жігіттен әр түрлі модельдегі ұялы телефондар мен GSM-шлюз, 4 800 данаға жуық қолданылған SIM-карта, ноутбук, антенна, микросхема тәркіленген.

Қазіргі уақытта бірқатар сараптама жұмыстары қолға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынған жоқ. 

Соңғы жаңалықтар