Петропавл соты баскетболшы Нанаевтың өлімінің мән-жайын анықтауда

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда баскетболшы Игорь Нанаевтың өліміне қатысты іс бойынша екінші сот отырысы өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

2,5 сағатқа созылған отырыс барысында куәгерлер Александр Антропов пен Айгүл Қайыржановадан жауап алынды.

А.Антропов сотқа қаза болған Игорь Нанаевтың досы болып табылатынын айтты. Олар сол кеште «Парк Сити» түнгі клубына Нанаевпен бірге барған.

Антроповтың сөзіне қарағанда, ол ғимараттың алдында тұрған сотталушылар - Мендібаев, Әскеров пен Қайбаровты және екі қызды көрген (Қайыржанова мен Әмренова). Шылым шегіп тұрған қыздардың жанына таянып, сіріңке сұраған. Оларды спортшыларға ұқсатқаннан кейін, әңгімелесе бастаған. Кейін жандарына Мендібаев келіп, Антроповтың қыздармен сөйлесіп тұрғанын жақтырмаған.

«Біз жай ғана сөйлесіп тұрғанымызды жеткіздім. Қыздар да соны айтты», - дейді ол. Бұдан әрі қастарына Әскеров пен Қайбаров таянған. Сол кезде Антропов соққыны сезінген. Ол түнгі клубқа қайта кіріп, Нанаев пен Кузнецовқа мән-жайды айтқан. Олар жиналып, бұзақылармен сөйлесуге барған. Антропов сотталушы Әскеровпен екеуара сөйлесіп тұрған кезде Нанаевтың оны ұрып жатқандығы туралы дауысы естілген. Бірақ Антропов Нанаевты кім және қалай ұрғанын көрмегенін айтуда. Себебі төбелес барысында басын қолмен жауып тұрған.

Айгүл Қайыржанова болса, орын алған оқиғаны еміс-еміс білетінін айтып отыр. Себебі алкогольді мас күйінде болған. Ол да Нанаевқа соққыны кім жасағанын айта алмады. 

Баскетболшы Игорь Нанаев 10 қазан күні Петропавлдағы облыстық ауруханада жан тапсырды.  Жергілікті «Барс» клубының мүшесі қазанның 2-сінен 3-іне қараған түні түнгі клубта болған төбелес кезінде ауыр жарақаттар алған болатын. Спортшы өліміне байланысты жүздеген адамнан жауап алынды. Күдіктілер арасында СҚО колледждерінің студенттері де бар. Іс бойынша 5 адам айыпталуда.

Келесі сот отырысы 2017 жылдың 20 қаңтарына белгіленді. 

Соңғы жаңалықтар