Павлодарда қарттар үйіне ақылы түрде орналасуға болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облыстық қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінде ашылатын ақылы бөлімше 12 адамды қабылдауға дайын, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы агенттікке қарттар үйі басшысының орынбасары Ғалия Жабагина айтты.

«Былтырғы жылы бөлімшенің ашылатыны туралы хабарлаған кезде 32 адам жазылған болатын, - дейді Ғалия Жабагина. - Дегенмен олардың кейбіреуі өмірден өтіп кетсе, кейбіреулері басқа жерлерге орналастырылған. Сондықтан қазіргі таңда қабылданатын адамдардың тізімі жүргізілуде. Тұрмысқа қажет техникалар, жиһаздар және төсек-орындармен жабдықталған бөлмелер саны - сегіз. Жоспар бойынша мұнда 285 орын қарастырылған. Біз 273 орынға қысқартып, 12 орынды ақылы қызмет көрсету бөлімшесі ретінде ашып отырмыз. Себебі соңғы кездері туыстарын ақылы түрде уақытша қалдыруға ниет білдіретіндердің тарапынан өтініштер көп түсуде.

Мұнда қазіргі таңда 255 адам тұрып жатыр. Оның айтуынша, баласы, жолдасы немесе туыстары бар адамдарға қарттар үйінде тұруға рұқсат берілмейді. Ал ақылы бөлімшелерге зейнеткерлік жасқа жеткен және ресми түрде бірінші, екінші топтағы мүгедек адамдар қабылданады. Орналастыру құны айына 77 мың 468 теңгені құрайды.

«Көбінесе жұмысбасты, ауқатты азаматтар жүгінеді. Себебі олар мүмкіндігі шектеулі жандарды бақылаусыз үйде қалдыра алмайды. Бұл жерде сегіз түрлі қызмет көрсетіледі: тамақтандыру, жуындыру, бөлмені және киім-кешектерді тазарту, медициналық тексеру. Сонымен қатар, олармен мәдениет қызметкері, псиолог маман, дәрігерлер мен медбикелер жұмыс істейді. Мұндай ақылы бөлімше елімізде тек Астана қаласында ғана бар», - дейді Ғалия Жабагина.

Еске сала кетейік, ақылы бөлімшеге қарттарды орналастыру үшін үш-алты ай мерзімге қызмет алушы мен оның туыстары, қарттар үйі арасында үш жақты келісімшарт жасалады.

Соңғы жаңалықтар