Павлодар облысында медициналық тексерістен уақытында өтпеген 44 адам жұмыстан шеттетілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Павлодар облысында тамақтан улану оқиғаларын, ішек инфекцяларының таралуын алдын алу мақсатында медициналық тексерістен уақытында өтпеген және жұмыс істеуге медициналық рұқсаты жоқ 44 тұлға жұмыстан шеттетілді. 

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы, өңірдің бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ирина Сорокина мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz . 

«2017 жылдың есептік кезеңінде Павлодар облысындағы қоғамдық және балалар тамақтанатын орындарда жаппай улану фактілері орын алған жоқ», - дейді Ирина Сорокина.

 Сальмонеллезге шалдығу бойынша көрсеткіш 32,7 пайызға, нақтыланбаған этиология бойынша бактериялық, вирустық, ішек инфекциялары 74 пайызға, нақтыланған этиология бойынша өзге ішек инфекцияларының таралуы 7,7 пайызға азайған.

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің айтуынша, 2017 жылдың бірінші жарты жылдығында азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау аясында жүргізілген мониторинг нәтижесінде 273 сауда нүктесінен алынған 1079 сынаманың 51-і талапқа сай келмеген. Бұл зерттелген өнімінің 4,7 пайызын құрайды. Көптеген жағдайда сүт өнімдері (8,2 пайыз) мен ет өнімдері (5,7 пайыз) нормаға сәйкес болмай шыққан. Сонымен қатар тексеріс барысында өнімдердің сақталу мерзімі, дайын өнімді саудалау үшін тиісті жағдайдың жасалмауы, медициналық тексеріс пен рұқсаттың болмауы сияқты олқылықтар жиі кездескен.

Айта кетерлігі, департамент пен оның аумақтық құрылымдары 225 азық-түлік өндірісі, 627 қоғамдық тамақтану және 2051 сауда саласының нысанына бақылау жүргізеді. 

Соңғы жаңалықтар