Павлодар облысына ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру үшін 4 млрд, 400 мың теңге бөлінді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат   - Павлодар облысына ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру үшін 4 млрд. 400 мың теңге бөлінді. 

Бұл туралы бүгін облыс орталығындағы "Достық" концерт залында өткен жиында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Министр Павлодар өңіріндегі ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлермен кездесіп, кооператив құрудың маңыздылығын түсіндірді. Кездесу облыс әкімі Болат Бақауовтың төрағалығымен өтті.    - Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруды құптамайтындардың көбі - ірі кәсіпорын өкілдері. Олар: "Бізде өнім жүктемесі әлдеқашан қалыптасқан, сондықтан кооператив керек емес" дегенді алға тартады. Бірақ кооператив құрудағы мақсатымыз - ондай ірі кәсіпорындарды дамыту емес, ауылдың қарапайым тұрғындарын еңбекпен қамту. Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімінің 70-80 пайызын жеке қосалқы шаруашылықтар өндіруде. Бұл нақты дәлелденген факт. Бұл біреуге ұнаса енді біреуге ұнамауы мүмкін. Бірақ, шындыққа тура қарауымыз керек. Алайда, Павлодардағы кейбір ірі өндіріс орындары кооператив құрудың тиімді жақтарын айтуда. Біз осы жиынның алдында өңірдегі "Молком" ЖШС-не барып, басшылығынан кооператив құру қаншалықты дұрыс дегенді сұрадық. Олар бұл бастаманы қос қолдап құптайтынын жеткізді Сондықтан, Елбасымыз бізге аса үлкен міндет жүктеп отыр. Оны орындауымыз керек. Осы тапсырмаларды жүзеге асыру үшін елімізде алғаш рет Кооперация департаменті құрылуда. Сондай-ақ, осы бағытта жұмыс істейтін сайт ашылып, тұрғындардың сұрағына жауап беретін арнайы орталық та іске қосылды. Жалпы, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру үшін бюджеттен 52 млрд. теңге бөлінген. Оның 4 млрд. 400 миллионы Павлодар облысына бағытталған, - деді Асқар Мырзахметов.  

Айта кетейік, Павлодар облысында қазіргі таңда 70 ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Оның 48-і былтыр құрылған. Осы жылдың соңына дейін тағы да 8 кооператив құрылады деп жоспарлануда. Сүт өңдейтін кәсіпорындардың жүктемелігі - 55%, ал ет өңдейтін кәсіпорындардың жүктемелігі - 68% құрайды. Министрдің сөзінше, кооперациялар құру барысында Германия, Қытай, Израиль тәрізді дамыған шет мемлекеттермен тәжірибе алмасқан.

«Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Шаруаларға қаржылай қолдау көрсету  бағытында бірнеше бағдарлама жұмыс істеуде. Ендігі кезек әкімдіктердің мойнында. Яғни, жергілікті билік мемлекеттік бағдарламаларды іске асыра отырып, фермерлерді ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру жолында аянбай тер төгеді деген сенімдеміз», - деді ол.   Жиналыс барысында ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігудің маңыздылығы, ауыл халқын жұмыспен қамту, егістік жерлердің құрылымын әртараптандыру  және суармалы жерлердің көлемін арттыру мәселелері де талқыланды. Сонымен қатар, ауыл және аудандардан жиналған шаруа қожалығы өкілдерінің сұрақтарына жауап берілді.

Соңғы жаңалықтар