Павлодар әкімі Қытайда инвестор іздеп жүр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өңір басшысы бастаған Павлодар облысының делегациясы жұмыс сапарымен Қытай Халық Республикасында жүр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, бұл сапардың басты мақсаты - халықаралық ынтымақтастыққа инвестиция тарту. Ресми сапардың алғашқы күні павлодарлық делегация Қытай еліндегі ең ірі кәсіпорындардың бірі - YEMA корпорациясының өкілдерімен кездесті.

«YEMA GROUP CO., LTD» Үрімшіде жоғары технологияларды дамыту және меңгеру өндірістік аймағында орналасқан. Корпорацияның жарғылық капиталы 150 миллион қытай юанын құрайды. YEMA 20 жылдың ішінде сыртқы экономикамен, қаржы институттарымен, мәдени туризммен және салааралық қызметпен айналысатын компанияға айналған.

Бұл кәсіпорын «Басты кәсіпорын», Синьцзян банк консорциумының «Несие бойынша адал кәсіпорны» және «Партиялық құрылыс пен шаруашылық бойынша мықты кәсіпорын» атақтарына ие болған.

Қазіргі таңда корпорацияның сыртқы сауда-экономикалық платформасы сегіз еншілес фирмасы бар. Негізгі сауда жүргізілетін серіктес мемлекеттер Орталық Азия мен Ресей болып есептеледі. YEMA басшысы Чен Ган атап өткендей, бүгінгі таңда Қытай мен Қазақстан арасында шекараның бес учаскесі ашық, сондықтан мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты реттеп, инвестиция салу үшін ешбір кедергі жоқ.

«Басында біз сіздерге ірі қытай компанияларымен байланыс және ауылшаруашылығы саласында ынтамақтастық орнату үшін көпір ретінде қызмет етуге дайынбыз. Сіздердің өнімдеріңіз экологиялық тұрғыдан ең таза болып есептеледі. Ал, бізге бұл өте қажет. Сонымен қатар, Қытайда сатуға болатын битум шығарасыздар», - деді Чен Ган.

Болат Бақауов қабылдаушы тарапқа алғыс білдіріп, бүгінгі күні Павлодар облысында қытай компаниялары мұнай өңдеу зауыттарында құрылыспен айналысатынын атап өтті.

«Біз сіздерді өзімізде инвестор ретінде көргіміз келеді. Павлодарда әлеуметтік-экономикалық аймақ бар. Сол жерде инвесторларға жақсы мүмкіндіктер ұсынылады. Сіздерді сол жерде күтеміз және кез келген қолдау көрсетуге дайынбыз. Тиіп-қашып жұмыс істеу өте ауыр. Сондықтан сіздерге не керек екенін және бізден қандай көмек болатынын анықтау керек. Сіздердің Қытай бойынша байланыстарыңыз нығайған. Компанияларыңыз біздің облысқа басқа инвесторларды тартуға көмектеседі деген үміттеміз. Павлодарлық делегация  бұдан кейін Шаньси провинциясында ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша Қытай көрмесінің бесінші сессиясында болады деп күтілуде», - деді өңір басшысы. 

Соңғы жаңалықтар