Отырардың қыш өндіру шеберханалары

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Отырар - Қазақстанның орта ғасырлардағы әйгілі қалаларының бірі. Қаланың қалдығы Отырар төбе деген атпен белгілі, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының Шәуілдір елді мекенінің жанында орналасқан. Отырар қаласы туралы көптеген саяхатшылардың жазба деректерінде айтылады. Ежелгі Отырар шұраты Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында орналасқан. Жалпы Отырар шұраты Қазақстан археологиясының жауһары. Археологиялық зерттеулерді, консервациялық шараларды жалғастыру, туристік инфрақұрылымды дамыту шұрат ескерткіштерін Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енгізу процесінің маңызды құрамдас бөлігі. Осы ретте «ҚазАқпарат» ХАА Отырардың қыш өндіру шеберханасына қатысты «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы» мекемесі директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Серік Ақылбек пен «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау» ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Шохаевтың зерттеулерін ұсынады.

null 

Отырар - 2500 шаршы шақырымнан астам территорияны алып жатқан өлке. Бұл аумақта 250-ден астам көне ескерткіштер анықталған, олардың көпшілігі - мекенжұрттар мен қалажұрттар. Ежелгі заман шежіре жазбаларына сәйкес «Отырар аумағы ұзындығы мен еніне қарай шамамен бір күндік жерді алып жатқан». Яғни, Отырар қала мәртебесінде 200 гектардай аумақты қамтыған екен. Ал оның аудандарында түрлі әдемі ою-өрнектермен өрнектелген үйлер мен әр ауданның тұрғындарына тән атаулары болған.

null 

Мысалы, Алтынтөбеде зергерлер, Пышақшы төбеде - қару-жарақ жасаушылар тұрғын аймақтары болған.

Қыш құмыра жасаушылар Отырардың тек бip ғана, өте ipi қолөнершілер тобын құрады. Тұрғындардың қолөнерге мамандануын зерттеу кірпіш өндірушілердің, әйнек жасаушылардын, ұсталардың, мыс зергерлерінің, сүйектен бұйым жасайтындардың шеберханалары болған деп қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Мұндай тізімді нан пісірушілер, мата тоқушылар деп те толықтыра беруге болады. Кейінгі кездегі Отырар өзінің құрылыс-жобалау ерекшеліктерімен, әлеуметтік және қолөнер құрылымының дамуымен ерекшеленеді.

Отырардың қала маңын қазу кезінде археологтардың назарын кірпіш күйдіретін шеберхана аударған еді. Cipә, ол айналасына орналасқан құрылыстардың орталығы болған тәрізді. Кейіннен белгілі болғандай, шеберхананың айналасында тұрғынжай және өндірістік ғимараттар орналасқан екен.

null 

Шеберхананың салынған кезінен бастап XIII ғасырдың екінші жартысы және XIV ғасырдың ортасы аралығында үш құрылыс кезеңі қалыптасқан. Бір кездері жөндеу жұмыстары да болған, оның іздері де көрініп тұр, бірақ шеберхананың ортасында тұрған кірпіш күйдіретін пеш барлық уақыт бойы жұмыс істеген.

 

Кірпіш күйдіретін шеберхана кешені

Айта кетерлігі, Отырар өлкесінде Орталық Азия мен Қазақстан бойынша алғаш рет толықтай осындай қазба жұмыстары жүргізіліп отыр. Қазба жұмысы барысында ХІІІ-ХІV ғасырларға жататын теңгелер, он екі мүшелік жануарларға бөлінген бейнелері бар Қытай айнасы, қапсырма, тоғалар табылған. Бұл жерден табылғанның бәpi XIII-XIV ғасырларды қамтитын кезеңге тиесілі болып келеді. Осы заттарға қарап, пештің кұрылысының қай кезде салынғанын болжауға болады.

Қазба жұмыстарының объектілерін өзара салыстыру кезінде пешті жасаудың жалпы принципін атап өтуге болады. Олардың бәpi де екі қатарлы, оттығы бар арқалық құрылымдарымен жабылған, бұл оттықтың (пештің от жағылатын кебежесінің) рөлін атқарады. Түтін күмбездегі ойық арқылы немесе арнайы жасалған мұржа арқылы шығарылған. Арқалардың жоғарғы бетінің әртүрлі жалпақтығы әртүрлі пішінді кірпіш алуға мүмкіндік жасайды.

Мәселен, шеберхананың пешінде стандартты өлшемдері 22-25x22-25x4-5 см кірпіштермен қатар ipi өлшемдегі - 40x40x5 см түрлері күйдірілген. Түтін шығарылатын жүйенің күрделі құрылымы және жылу реттегіш жүйе осы пештерде жылтырақ құрылыста пайдаланылатын жылтыратылған жұқа кірпіштер мен тақтатастарды күйдіруге де қолданылған.

XIII-XV ғасырларда кірпіш күйдіретін пештер мен шеберханалар өте көп болған, оны кейінгі ортағасырлық Отырардағы құрылыс жұмыстарының ауқымы дәлелдей түседі.

2015 жылғы жаздық маусымдағы археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары Мыңшұңқыр ауылының солтүстігінде 1 километр жерде, Шәуілдір ауылынан солтүстік-батысқа қарай 7 километр қашықтықта, Шәуілдір-Талапты тасжолының оң жағында орналасқан, көлемі 230х125 метр келетін учаскеде жүргізілген еді. Аталған учаске «әл-Фараби» мөлтекауданының су айдау стансасын салуға бөлінген. Учаске территориясында Алтынарық тармақтары мен тұрғынжайлар қалдықтары, сонымен қатар, тегі белгісіз төбешіктер анықталып, аталған нысандарға әр түрлі көлем мен пішінде қазба жұмыстары жүргізілді.

Қазба жұмысы диаметрі 15 м, биіктігі 50-80 см келетін жайдақ жайыңқы төбе үстіне 10х10 м көлемінде салынды. Қазба салынған орынның шығыс жақ бөлігінде Алтынарық каналының бірнеше тармаққа тарататын су реттегіш торабы бар. Қазба салынған төбенің беткі бос топырақ қабаты (0) 15 см тереңдікте топырақ қырылып, тазаланды. Бос топырақ арасынан құмыраның бүйір, ауыз ернеуі сынықтары мен ұсақ бөліктерге сынған бірнеше сырлы керамика бөліктері алынды. Қазылған деңгейден тандыр мен шығыс бөлігінен бір аумақта шоғырланған қыш сынықтары анықталды.

Сынық қыштар анықталған шығыс бұрыш төмен қарай 10 см тереңдікке түсірілді, шығарылған бос топырақ арасы майда күйдірілген қыш сынықтарына толы болды.

Қыш сынықтарды рет-ретімен тазалап ашылды, алынған кірпіштердің астынан құрылымы жеке-жеке камералардан тұратын қыш күйдіруге арналған пеш анықталды.

 null 

 Пеш қабырғалары қам кесектен тұрғызылған, қаланған кесектер әбден мүжіліп нашар сақталған. Пеш екі қапталды 12 жеке-жеке камералардан тұрады. Бір қапталына 6 камера жасалған, камералардың ішкі беттері саз балшықпен сылаған, сылағының қалыңдығы 6 см, сылақ жоғарғы температурада жанған от әсерінен цемент тәрізді көкшілденіп күйіп қатып қалған. Пеш камераларының сылақтары бірнеше рет жаңартылып сыланған, сылақтары кей тұстары жарылып түсіп қалған. Пештің екі қапталындағы барлық камералардың астыңғы жақтары ішіне қарай қиғаш арка түрінде жасалған.

null null 

Пештің формасы төрт бұрышты, ұзындығы 3,4 м, ені 2,5 м. Ортадағы арка түрінде жасалған от жанатын камераның оңтүстік және солтүстік екі басында ені 30 см түтін шығатын мұржа орны сақталған.

null 

Мұржаның жақтау қабырғасында от жанғаннан қалған қаракүйе қалдықтары бар. От жағатын үлкен камера ішін қазу барысында осы пеште күйдірілген қыштардың сынық боліктері көп табылды. Пеште күйдірілген қыштардың көлемдері 24х24х5 см. Пештің табаны жоғарғы қабаттан алғанда 1,2 см тереңдіктен анықталды, табанында шала жанған ағаш қалдықтары бар көкшіл түсті күл қалдықтары көп жатты.

Анықталған қыш күйдіретін пештің айналасынан екі тандыр ошақ, бір үлкен жерошақ және белгілі бір мақсатта пайдаланған науа табаны анықталды. Тандырларды тазалап ашу барысында ас үйлік тұрмысқа пайдаланылған көзе табылды, көзе өте нашар сақталған, сыртқы беттерінде қара күйе бар.

null 

Сондай ақ көзеден басқа көлемі кіші тұтқалы құмыра табылды, құмыра күйдірілмеген шикі саз күйінде табылды. Бұл құмыраны жоғарыда аталған пеште күйдіруге дайындалған болуы мүмкін. Күйдірілмеген құмыра жер астында жатып сырты тұзданып коррозияға ұшыраған.

null 

Сонымен қатар қазбаның солтүстік-шығыс шекара кесіндісінен формасы сопақ науа табаны анықталды. Науа табанының ортасы шұңғыл, бетін ақшыл түсті саз балшықпен сылап күйдірген. Табанның айнала шеттерінен науаның жақтау қабырғасының орындары байқалады. Қабырға ізіне қарап қабырғаның 10 см қалыңдықта болғандығын аңғарамыз. Науа табанының ұзындығы 1,53 см, ені 45 см.

null 

 Қазбаның солтүстік-батыс бөлігінен 50 см тереңдікте шығарылған бос топырақ арасынан сырлы, сырсыз керамикалық ыдыстар қатарында ішкі бетіне ақ сыр үстінен қоңыр сырмен өрнектер салынған кіші табақшаның жақтау бөлігі мен табан негізі, сырлы кіші кесенің ауыз ернеу бөлігі және сырсыз қызғыш түсті саз балшықтан күйдірілген тағараның табан бөлігі, сондай ақ сырсыз құмыраның бөлігі сыртына тігінен қара қоңыр түсті ангобпен тамшы тәрізді өрнектер салынған үш дана бөліктері алынды.

Қазба барысында табылған заттай материалдар XIII ғ, ІІ-ші жартысына сәйкес келеді, осы матералдарға қарап пештің сол уақытта жұмыс істеген деп толып айтуға болады.

Отырардың пештері тәрізді түрлері зерттеушілерге белгілі. Осы кезеңнің соған ұқсас пештері Самарқандағы қазба жұмыстары кезінде табылған болатын. XIV ғ. аяғы - XV ғ. басына жататын Хорезмдегі Талайхан-ата керуен сарайынын пеші Отырар пешіне ұқсас келеді екен. XIII-XV ғғ. кезеңімен белгіленген тағы да үш кірпіш күйдіретін пеш Отырардың маңындағы әртүрлі қоныстарда қазба жұмысы кезінде табылды. Оларға ұқсас келетіндер өте көп: бұл Сарайшықтан табылған XIII ғ. пеші, сондай-ақ Мервтегі XIII-XIV ғғ. пеші және Орта Азияның басқа да қалаларынан кездеседі.

Айта кетерлігі, Отырар керамикалары өзінің композициялық құрылымы жағынан, ою-өрнектерінің күрделігі, ерекшелігі жағынан назар аудартады. Қаншама ғасыр өтсе де, табақтардағы бояулар өз сапасын жоймаған. Бояу түрлерінің  бір-бірімен жымдасуы, әдемі нақышты өрнегі, жасалу сапасы берік. Сондықтан алдағы уақытта бұндай Отырар бүккен сырларды арши түсудің маңызы зор. 

Соңғы жаңалықтар