Отандық кондитерлер Ресеймен неліктен бәсекелесе алмай жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда қазақстандық кондитерлердің алғашқы форумы өтті. Жиын барысында аталмыш саладағы өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан кондитерлер қауымдастығының президенті Әлихан Талғатбек отандық өндірушілердің неліктен бәсекеге қабілетсіз екендігін түсіндірді.

Оның айтуынша, мәселе өнімнің шикізаттық құрамында.

«Ресейлік вафлилердің бағасы өте арзан. Себебі, оның қоспасының 70 пайызы  майлардан тұрады. Мұндай шикізат арзан келеді. Сондықтан да тауардың бағасы арзан. Бірақ ондай өнімді жеуге кеңес бермеймін. Көбіне майлар адам ағзасына зиянды. Ал біздің отандық өнімдердің қоспалары 80 пайыз табиғи өнімдерден, дәндерден, шоколадтар мен тағы басқалардан жасалады. Сондықтан, біздің өнімдер қымбат келеді. Біздің өз сатып алушыларымыз бар. Бірақ арзанға да клиент табылады», - деді Әлихан Талғатбек.

Маманның айтуынша, ресейлік өндірушілер өнімнің сыртқы қорабына, маркетингке, дизайнға көп ақша салады.

«Сыртқы орамға шығын әжептәуір кетеді. Мәселен, шоколадтарды орау керек болса, ол қымбатқа түседі. Ал кәмпиттерді орау үшін жұқа қағаз жеткілікті деген сияқты. Сыртқы орам өнім құнының 15 пайызын алады», - деді ол.

Жүргізілген талдауларға сәйкес, отандық кондитерлік нарықтың 49 пайызын өз өндірушілеріміз қамтыса, қалғаны Ресей мен Украинаның еншісінде екен.

Бүгінгі таңда кондитерлік өндірушілер 180 мың тонна өнім өндіреді, оның  60 мың тоннасы сыртқа шығарылады. 120 мың тонна өнім Қазақстанда сатылады.

Соңғы жаңалықтар