Өскеменде республика бойынша алғашқы виртуалды медиация кабинеті ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскемендегі республика бойынша алғашқы виртуалды медиация кабинетінің ашылуына судьялар, облыс әкімдігінің өкілдері, кәсіби медиаторлар және кәсіби медиаторлар қауымдастығының мүшелері қатысты, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі. 

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі аппаратының қоғамдық келісім орталығы - Достық үйінің  директоры Эльдар Төлеубаев іс-шараны аша келе: «Бұл - виртуалды кабинет Қазақстан бойынша теңдесі жоқ алғашқы жоба. Оның артықшылығы даулы мәселелерге тап болған адам өзіне ыңғайлы жерде компьютер немесе қалта телефоны арқылы кәсіби медиаторлармен байланысқа шыға алады», - деді.

Облыстық соттың судьясы Елдос Жұмақсанов өз сөзінде аталған жоба - Мемлекет басшысының Жолдауының төртінші бағытын, яғни «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында енгізілгендігін атап өтті. Жобаның  келешекте  медиацияны дамытуға  зор ықпал ететіндігіне  де жеткізді.

Сондай-ақ Е.Жұмақсанов «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігі мен сандық экожүйені дамыту арқылы халықтың  өмір сүру деңгейін арттыру екендігіне тоқталды.

Ағымдағы жылғы 20 сәуірден бастап өз қызметін бастайтын «Виртуалды медиация» кабинеті Өскемендегі Достық үйінің сайтында орналасқан. Өңір тұрғындары аталған сайтқа тіркелу арқылы медиаторларға жүгіне алады.  

Іс-шараға  қатысушылар кездесу барысында аталған жобаны жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсынымдары мен пікірлерін білдірді. 

Соңғы жаңалықтар