ОСК электоралды кезеңде комиссия мүшелерінің жалақысын көтеруді ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Әділет министрі Марат Бекетаевтың басшылығымен заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтіп жатыр. Жиында ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фосс «Қазақстан Республикасының сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Сайлау туралы заңды өзгерту мәселесі соңғы рет 2007 жылы қаралған. Біз екі заңға өзгеріс енгізуді ұсынамыз», - деді Владимир Фосс.

Төрағаның орынбасары электоралды кезеңде тек саяси партиялардың өкілдерінің сайлау комиссиясының мүшесі болуын тоқтатуды, комиссия мүшелерінің жұмысын жеңілдету үшін учаскелік сайлау комиссиясының санын көбейтуді, қоғамдық жұмыс болғандықтан электоралды кезеңде комиссия мүшелерінің айлығын көтеруді, комиссия құрамында бір ұйымның жартысы болмауы керектігін ескеруді, сайлаудан соң, мәслихат отырысынан кейін комиссияның бірінші отырысын кім шақыратынын анықтауды ұсынды.

Сондай-ақ, ол комиссия құрамында кейбір саяси партиялардың өкілдері болмай қалған жағдайда мүшелердің құзіретін кеңестік дауыспен анықтауды, халықаралық байқаушылардың пікір аккредитациясын жинақтауды, заңда болмағандықтан, округтер мен учаскелердің аумақтарын анықтауды сұрады.

«Бұған қоса үгіт бағытында өзгерістер мен толықтыруларды енгізуді, ОСК өткізетін дебаттардан басқа да дебаттарды ұйымдастыруды, интернет-ресурстармен жұмыс жүргізуді жүйелеуді, үгіт жұмыстары әскери бөлімдерде қалай жүріп жатқанын анықтауды, сайлау бюллетенінің жеткізілуін анықтауды, аймақтарда мәслихат сайлауын жергілікті бюджеттің көмегімен өткізу мәселелерінің қамтылуын ұсынамыз», - дейді ол.

Сондай-ақ, Владимир Карлович электоралды кезеңде неліктен комиссия мүшелерінің айлығын көтеру мәселесін тілге тиек етіп отырғанын жеткізді.

«Комиссия бес жылға сайланады. Екі айлық электоралды кезеңде олар республикалық қаржыландырудың арқасында жұмыс атқарады. Бәрі заңға сәйкес. Комиссия мүшелері атқарған жұмыстары үшін алатын қаржылары аз болғандықтан комиссия құрамында жұмыс атқарудан бас тартып жатыр. Өйткені, ең төменгі айлық деңгейінің үш еселенген сомасы оларды қанағаттандырмайды. Сол себепті, ең төменгі айлық деңгейін олара 4 еселеп төлеуді ұсынамыз», - деді Владимир Карлович.

Соңғы жаңалықтар