Өрт сөндірушілер Алматы тұрғындарын пиротехникаларға абай болуға шақырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының өрт сөндірушілері Жаңа жыл кешінде пиротехникалардың кесірінен тұтанатын өрттен қалай сақтануға болатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа жыл қарсаңында базарлар мен дүкендер от шашу құралдарына толатыны белгілі. Мереке түндері пиротехникаларды қолданғанда қауіпсіздік шаралары сақталмай, көпқабатты үйлер өртеніп жататын оқиғалар да аз кездеспейді. Осыған байланысты, Жаңа жыл қарсаңында өрт сөндірушілер алматылықтарды сақтық шараларын ескеруге шақырды.

«Жаңа жыл мерекесі күндері Алматыдағы өрттердің 40 пайызы пиротехникаларды дұрыс қолданбағаннан болады. Әсіресе, көпқабатты тұрғын үй кешендерінде қауіпсіздік техникасы сақталмайды, атылған петардалар балкондарға, жер үйлердің шатырларына түсіп өрт шығады. Өткен Жаңа жыл түні болған 10 өрттің 3-еуі пиротехникалардың кесірінен болды», - деді Алматы қаласы ТЖД-нің Өрт қауіпсіздігі бойынша бақылау-профилактикалық қызметі басқармасының басшысы Марат Бекбаев.

Статистика мәліметтеріне сүйенсек, 2014-2016 жылғы Жаңа жыл кештерінде пиротехникалардан 162 адам зардап шеккен, оның 76-сы балалар. Аураханаға жеткізілгендердің жасы 3-тен 58 жас аралығында. Дегенмен, бұл көрсеткіш жыл өткен сайын азайып келеді.

Айта кетейік, жыл сайын заңсыз сатылатын пиротехникалардың анықтау бойынша қалалық ТЖД мен ІІД қызметкерлерінің бірлескен шарасы 20 желтоқсаннан басталады. 2015 жылы ведомствоаралық тексеру кезінде 1000 келі қауіпті пиротехника тәркіленса, 2016 жылы 4 475 пиротехника алынған.

«Пиротехникаларды сатып аларда сатушылардан тауардың сертификатын талап етіңіз. Сондай-ақ, оның деформацияға ұшырамағанын, дымқылданып қалмағанын қадағалаңыз. Пиротехникаларды негізінен арнайы дүкендерден алған дұрыс. Базарлардан да алуға болады. Ең бастысы, сауда орнының өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтағанына мән беріңіз», - деді М.Бекбаев.

Сонымен қатар, ол пиротехникаларды қолданғанда техникалық қауіпсіздікке мән беру керектігін ескертті.

«Пиротехникаларды қолданғанда балаларыңызды бақылауда ұстаңыз. 14 жасқа толмаған балаларды петардалар атылатын жерге жібермеңіз. Пиротехникаларды алаңқайда, электр қорабы мен балконнан алыс жерде қолдану қажет. Петарданы алғаш тұтатқанда жанбаса, қайталап тұтпаңыз. Оны тұрғын үйден 50 метр қашықтықта қолдану керек. Бенгаль шамдарын қолданып болғасын қоқыс жәшігіне тастамаңыз», - деп ескертті М.Бекбаев.

Сонымен қатар, өрт сөндірушілер үйдегі шыршаға электрогирляндаларды ілерде тоқ өтетін сымның жарамдылығына көз жеткізіп алуды ескертті.

Соңғы жаңалықтар