Оралдық студенттер Алматыда өткен республикалық олимпиададан табыспен оралды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде филология мамандығы бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен өткен республикалық пәндік олимпиададан табыспен оралды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

Студенттерді бастап барған М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Рита Сұлтанғалиеваның айтуынша, білім жарысында он екі команда құрамында 36 студент бақ сынады. Олимпиада төрт турдан тұрды. Алғашқы бөлімде команда мамандықты таныстырды. Таңдалған тақырып бойынша ауызша тілдік және әдеби талдау жасау және таңдалған тақырып бойынша ээсе жазу және ғылыми жоба жасап, қорғау бойынша сынға түсті.

Мамандықты таныстыру бойынша мамандық туралы ақпараттың толықтығы, жүйелілігі, сөйлеу әдебі мен мәнері ескерілді. Мысалы, морфологиялық талдау бойынша құрылымдық, сатылы, функционалдық ұстаным бойынша талдау, оның ішінде ұғымдық категорияларды анықтау, тіл деңгейлерінің «формадан мазмұнға» бағытындағы әрекеттестігін сипаттау бойынша талап қойылды. Әдебиеттік талдауда проза мен поэзия жанрларындағы шығармалардан үзінділер беріліп, бірден талдау талабы қойылды.

Үзінді авторын, шығарманың атын, суреттеліп отырған кейіпкерді табу, шығарманың тақырыбы мен идеясын анықтау, автордың өмірбаяны мен шығармашылығын сипаттау бойынша талдау жұмыстары тартысты өтті.

М.Өтемісов атындағы БҚМУ командасында Ақжол Зайнуллин (топ басшысы), Сандуғаш Сағидуллиева және Арайлым Ғани сынға түсіп, білім бәйгесінде университет намысын абыроймен қорғады. Студент қыздар тілдік талдау бойынша, Ақжол Зайнуллин әдебиет бойынша білімдерінің терең екендігін көрсетті.

«Республикалық олимпиадаға бірнеше рет жетекшілік жасап, барып жүрмін. Жыл сайын әр қалада, түрлі жоғары оқу орындарында өтіп келеді. Биылғы жылы Алматы қаласында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өтті. Өзім сол білім мен ғылым ордасында кандидаттық диссертациямды қорғап, ғылыми ортасын көріп, ғалымдардың тәлімін алғандықтан, мен үшін ыстық шаңырақ. Білім бәйгесінде өзің шәкірт боп кеткен ортада өз шәкірттеріңнің топ жарып, оза шабуы ұстаз үшін де үлкен бақыт, бедел мен абырой. Олимпиада қорытындысы бойынша М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің командасы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың І дәрежелі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің ІІ дәрежелі дипломымен марапатталды», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Р.Сұлтанғалиева.

Соңғы жаңалықтар