Оралда «Жайықмұнайдың» 339 млн теңге монополиялық кірісі тәркіленді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты монополияға қарсы заңнаманы бұзған «Жайықмұнай» ЖШС-ына қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 159-бабы 3-бабына сәйкес қозғалған іске нүкте қойды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш серіктестік өңірде газ желісі ұйымдары арқылы сұйытылған мұнай газын жалғыз өндіруші әрі жеткізуші болып табылады. Серіктестік мердігерлік қызметтер туралы «Нефтьстройсервис» ЖШС-мен түрлі қызметтер бойынша келісімшат жасасқанына қарамастан, 2016 жылдың ақпанынан бастап газ желісі ұйымдарына сұйытылған мұнай газын қосымша құю қызметі бойынша қосымша төлем міндеттеген. Соның салдарынан облыста газдың бөлшек сауда бағасы артқан. Осылайша, заңмен тыйым салынса да, газ желісі ұйымдары «Жайықмұнайға» тәуелді болып, қосымша төлем төлеген.

Есептеулерге сәйкес, 2016 жылдың ақпанынан қарашасына дейін сұйытылған мұнай газын негізсіз мәжбүрлеп құю қызметі нәтижесінде алынған табыс 529 322 115 теңгені құраған. Құю қызметтері үшін негізсіз ақы алу салдарынан алынған монополиялық табыс 339 468 661 теңгеге жеткен.

Іс материалдарын зерделей келе, сот «Жайықмұнай» ЖШС-ны кінәлі деп тауып, 339 468 661 теңге монополиялық табысын мемлекет пайдасына тәркілеп, монополиялық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алынған табыстан 5 пайыз көлемінде 26 466 105 теңге әкімшілік айыппұл салды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ. 

Соңғы жаңалықтар