Оралда үздік мемлекеттік қызметшілер марапатталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда Мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты жиында саланың бір топ өкілдері «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Салтанатты шарада облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, бұдан он сегіз жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға қол қойғаны белгілі. Осы кезеңде мемлекеттік қызмет жүйесі елеулі түрде жетілдірілді. Мемлекет басшысы биыл мемлекеттік қызмет туралы ұлттық баяндаманы қалыптастыру қағидасын бекітсе, одан бұрын «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бастапқы 15 қадамы кәсіби мемлекет аппарат құруға арналған болатын. Мұның бәрі аталмыш салада түбегейлі өзгеріс-жаңалықтар жүзеге асып отырғандығын көрсетеді.  Қазіргі заманғы мақсат-міндеттерге сәйкес мемлекеттік қызметшілерге қойылар талаптар күшейтіліп келеді. Бұл ретте кәсіби біліктілік пен білім алдыңғы орынға шығады. Биыл өңірде аттестаттаудан үш мыңнан астам адам өтіп, жуырда қорытындылары шығарылды. Сыннан дұрыс өте алмаған 20 адам қызметінен төмендетуге ұсынылса, 221-і жоғары лауазымдарға ауысуға мүмкіндік алды. Қалғандары өз орындарына лайық деп танылды. Бұл мемлекеттік қызметшілердің өз міндеттерін барынша адал атқарып келе жатқандығын паш етеді.

Жиында сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов, сала ардагерлері Нәжімеден Есқалиев, Есберген Әжібаев мемлекеттік қызметшілерді төл мерекелерімен құттықтап, алдағы уақытта да абырой биігінен көріне берулеріне тілектестігін білдірді.

Шара барысында жас мамандар салтанатты түрде ант берді. Олардың қатарында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің түлегі, таяуда Зеленов ауданы әкімдігі кәсіпкерлік бөліміне бухгалтер болып қызметке орналасқан Гүлнұр Бестаубаева да бар. Ал Орал қаласы әкімдігінде 35 жыл бойы үздіксіз қызмет атқарып келе жатқан персоналды басқару бөлімінің басшысы Айсұлу Вайдиева «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісін алғандар қатарынан табылды. Сала озаттарына сондай-ақ облыс әкімі мен аталмыш департамент басшысының алғысхаттары да табыс етілді. 

Соңғы жаңалықтар