Оралда таксиске шабуыл жасағандар ұсталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында таксиске қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Орал қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы, полиция майоры Динара Әбділқалықованың айтуынша, 18 қаңтар күні сағат 18.00 шамасында еуропалық пішіндес екі адам Ет комбинаты ауданынан такси шақырған. Тапсырысты «Лада Калина» автокөлігінің жүргізушісі қабылдаған. Сөйлеген сөздері мен іс-әрекеттері күдіктілеу болса да, жүргізуші оларды «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» маңындағы көрсетілген мекенжай бойынша апарып тастауға шешім қабылдайды.

Жолаушылар аталмыш зауыттың артқы қақпасына қарай, көлденең көздерден таса жерге баруға өтініш жасайды. Автокөлік тоқтаған кезде жолаушылардың бірі белбеумен жүргізушіні тұншықтыра бастаса, екіншісі тапаншаға ұқсас затпен басынан соғады. Жүргізуші қарсыласып бағып, алдыңғы әйнекті аяғымен сындыруға тырысады. Қаскүнемдер оның ұялы телефоны мен ақшасын тартып алып, оқиға орнынан сытылып шыққан.

Жүргізуші олардың соңынан айқайлай жүгіргенімен, әлгілер «тапаншасымен» қорқытып, бой тасалаған.

Қарақшылық шабуыл «Қауіпсіз аула» жүйесі бойынша орнатылған камераға түсіп қалған.

Жедел іздестіру шаралары барысында күдіктілер қылмыстың ізі суымай, қолға түсті. Олар бұрын бірнеше рет сотталған, ұры және қарақшы ретінде есепте тұратын Орал қаласының 1989 жылғы Ш. және бұрыннан ұрлығымен белгілі болған 1993 жылғы Г. деген тұрғындары болып шықты.

Ұрланған заттар тәркіленді. Ұсталғандар уақытша оқшаулау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар