Оралда «Өнерлі қыз, өнегелі жеңге» байқауының жеңімпаздары анықталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Наурыз мерекесіне орай Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «Өнерлі қыз, өнегелі жеңге» облыстық байқауы қорытындыланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.



БҚО білім басқармасының қолдауымен «Өркен» қосымша білім беру орталығы ұйымдастырған өнер сайысына Орал қаласы мен аудандардан іріктеліп келген 9-11 сыныпта оқитын қыздар мен олардың жеңгелері қатысты. Үміткерлер «Татулықтың паш етеміз үлгісін» деген атпен өздерін таныстырып, содан кейін «Сырласайық, жеңеше» қойылымын көрсетті. Олар сондай-ақ үй тапсырмасын орындап, өз өнерлерін паш етті.



Қазылар алқасының шешімімен Ақжайық ауданынан келген Әділхан Аружан жеңгесі Арайлым Нетқалиевамен бірінші орынды жеңіп алды. Оған қоса бөрліліктер Рената Тәжиева мен Арайлым Мұқатова, қазталовтықтар Жансая Мақсотова мен Айнұр Сұлтанова екінші, бөкейордалықтар Балжан Маратова мен Райхан Рахимова, жаңақалалықтар Бану-Сара Нағым мен Жанар Ерғалиева, сырымдықтар Тұрсынай Досмаева мен Райхан Ташенова, шыңғырлаулықтар Сабрина мен Назгүл Қожиевалар үшінші орынды иеленді.



Байқаудың жеңімпаз-жүлдегерлері облыстық білім басқармасының дипломдарымен, сыйлықтармен марапатталса, барлық қатысушыларға алғысхаттар табыс етілді.



Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарованың сөзіне қарағанда, аталмыш байқау екі жылда бір рет өткізіледі. 2015 жылы алғаш рет ұйымдастырылған сайыс қыз жеңгесі мен қайынсіңлі арасындағы сыйластықтың тамыры тереңде екендігін, өңірде өнерлі жастардың аз еместігін көрсетті. Бұл жолы да байқауға қатысушылар қазақтың салт-дәстүрін сақтай білетіндігін, бір шаңырақ ішіндегі жарасымдылықтың үлгісін, отбасындағы татулықтың елдікке бастайтынын айқын танытты.

Соңғы жаңалықтар