Оралда көпқабатты үйдің шатыры өртенді: 17 адам құтқарылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралда қаласында көпқабатты үйден өрт шығып, 17 адам қауіпсіз жерге шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметінен алынған мәліметке қарағанда, бүгін, түнгі сағат 00.51-де Әбубәкір Кердері көшесі 191-үйдің төбесі жанып жатқаны жөнінде хабар түскен.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде үшқабатты үйдің шатыры отқа оранып, оған қоса ғимараттың іші түтінге толғаны анықталды. Үшінші дәрежелі өрт қаупі төнгеннен кейін қосымша күш-құралдары тартылды.

Тұрғын үйден 17 адам көшірілді. 1934 жылғы зейнеткер әйел жедел жәрдем бригадасына тапсырылып, ол кейін қалалық көпбейінді ауруханаға жатқызылды. Түн ішінде көшірілген тұрғындар үшін мобильді жылыту пункттері ұйымдастырылды.

Тілсіз жау сағат 01.55-те оқшауланып, 02.50-де толықтай ауыздықталды. Өрт сөндіруге бастапқыда 8 техника, 27 адам қатысса, кейін оған 9 техника мен 25 адам қосылды. Өрт аумағы 300 шаршы метрді қамтыды.

Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын және кінәлі адамдар анықталуда.

Иллюстрациялық фото

 

Соңғы жаңалықтар